
Бейжің, 2022 жылғы 14 шілде - Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев «General Technology International Holdings Co., Ltd.» ірі мемлекеттік компанияның Вице-президенті У Имен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар автомобильдер өндірісі саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру барысын талқылады. Атап айтқанда, тараптар Қостанай қаласының индустриялық аймағында автомобильдер шығару үшін өндірістік желіні кеңейту, жаңғырту және жетілдіру қажеттігіне назар аударды. Сонымен бірге, Қазақстанда электромобильдер мен сутегімен жүретін автомобильдер өндірісін іске қосу мүмкіндігі талқыланды.
Сонымен қатар, Ш.Нұрышев сұхбаттасушыны 2026 ж. дейінгі ҚР инвестициялық саясаты тұжырымдамасының ережелерімен және жалпы бизнесті жүргізу үшін жағдайларды жақсарту бойынша шаралармен таныстырды.
Өз кезегінде, У И Қазақстанда заманауи ауруханаларды салу, дәрі-дәрмек препараттарын шығару, сондай-ақ жиынтықты станоктарға арналған жабдықтар шығару сияқты жобаларға инвестиция құю мүмкіндігін зерттеуге қызығушылық білдірді.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар жобаларды іске асыруды жандандыру, сондай-ақ одан әрі ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын белгілеу мақсатында жұмыс байланыстарын жалғастыруға уағдаласты.
«General Technology International Holdings Co., Ltd.» - 1998 ж. наурызда құрылған ірі мемлекеттік кәсіпорын. Қытайдың ұлттық, жүйе құраушы компанияларының қатарына кіреді. Компанияның құрамына еншілес кәсіпорын ретінде «China National Machinery IMP. & EXP. CORP» («CMC») - ірі халықаралық жобалаушы, жобаларды басқаруда қызмет көрсету жөніндегі мердігер және автомобиль саласында қызмет көрсетуші кіреді. 2015 ж. бастап «CMC» мен қазақстандық ірі автоөндіруші «СарыарқаАвтоПром» ЖШС арасында Қостанайда «Аллюр КТ» АҚ базасында автомобильдерді шығару үшін өндірістік желіні өндіру, жаңғырту және қайта құру бойынша бірлескен жоба жүзеге асырылуда.