Қазақстан Елшісі Шахрат Нұрышев 10-шы Дүниежүзілік бейбітшілік форумына қатысты

Қазақстан Елшісі Шахрат Нұрышев 10-шы Дүниежүзілік бейбітшілік форумына қатысты

Бейжің, 2022 жылғы 4 шілде – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Цинхуа университеті мен Қытай халықаралық істер жөніндегі халық институты ұйымдастырған 10-шы Дүниежүзілік бейбітшілік форумына қатысты. Биыл форумның тақырыбы «Халықаралық тұрақтылықты сақтау: ортақтық, жан-жақтылық және ынтымақтастық» деп белгіленді.

Гибридті форматта өткен іс-шараға 100-ден астам ғалымдар мен сарапшылар, басқа шет елдер мен халықаралық ұйымдардың бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалар, сондай-ақ ҚХР-да аккредиттелген елшілер мен дипломаттар қатысты.

Форум аясында қазіргі әлемдік күн тәртібіндегі түрлі тақырыптарға арналған 15-тен астам панельдік сессия ұйымдастырылды. Қазақстан Елшісі «ШЫҰ және өңірлік қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық» атты панельдік сессияға қатысты.

Ш.Нұрышев өз сөзінде әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай аясында талқыланатын тақырыптың өзектілігін ерекше атап өтіп, қатысушыларға Қазақстанның өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі туралы айтып берді. Қазақстандық дипломат қазіргі күрделі жағдайларда Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметі Еуразиялық қауіпсіздік архитектурасының маңызды факторы ретінде ерекше мәнге ие болатынын атап өтті.   

Сонымен қатар, аудиторияның назары Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің елеулі мүмкіндіктеріне аударылды. Ш.Нұрышев: «АӨСШК қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша жалпы сенім шараларын әзірлеу үшін қажетті әлеуетке және жинақталған тәжірибеге ие» екендігі туралы атап өтті.

Панельдік сессияға Қазақстаннан басқа Иран, Пәкістан және Өзбекстанның ҚХР-дағы дипломатиялық миссияларының басшылары, сондай-ақ Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының директоры Сунь Чжуанчжи қатысты.