Елші Шахрат Нұрышев Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитеті Сыртқы істер жөніндегі комитетінің басшысымен кездесті

Елші Шахрат Нұрышев Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитеті Сыртқы істер жөніндегі комитетінің басшысымен кездесті

Бейжің, 2022 жылғы 16 маусым – Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитеті (ҚХСКК БК)Сыртқы істер жөніндегі комитетінің басшысы Лоу Цзивэймен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаев пен Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасы Ван Ян арасында ү.ж. 20 мамырда бейнебайланыс форматындағы келіссөздердің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады. Атап айтқанда, заңдарды іске асыруды бақылау бойынша тәжірибе алмасу, ұлттар арасындағы келісім саясаты және партияаралық диалог мәселелері талқыланды.

Сонымен бірге, Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі және оларды дамытудың келешегі туралы терең пікір алмасылды.

Бұдан бөлек, қазақстандық дипломат Лоу Цзивэйге ү.ж. 5 маусымда ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша өткен Республикалық референдумның қорытындылары және Мемлекет басшысы іске асырып жатқан «Жаңа Қазақстанның» құрылысы жолындағы саяси реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Өз кезегінде, Лоу Цзивэй Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын одан да жоғары деңгейге көтеру мақсатында Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі мен ҚР Парламенті Сенаты арасындағы тығыз өзара ықпалдасуға мүдделілігін білдірді.

Комитет басшысы Президент Қ.Тоқаев белгілеген Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістерге жоғары баға беріп, Қытай біздің ел басшылығы қабылдап жатқан шараларды толық қолдайтынын атап өтті.

Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі (ҚХСКК) елдің біртұтас патриоттық майданы ұйымы болып табылды. Қытай Коммунистік партиясының (ҚКП) басшылығымен көп партиялы ынтымақтастық пен саяси консультациялар жүйесіндегі негізгі құрылымдардың бірі, сондай-ақ ҚХР саяси өміріндегі социалистік демократияны дамытудың маңызды нысаны.

Жарғыға сәйкес, ҚХСКК ҚПК және демократиялық партиялардың мүшелерінен, халық ұйымдарының өкілдерінен және партиясыз қайраткерлерден, сондай-ақ аз ұлттар, Гонконг пен Макао арнайы әкімшілік аудандарының өкілдерінен және т.б. қалыптастырылады.

ҚХСКК негізгі қызметі – саяси консультациялар, демократиялық бақылау және елдің саяси қызметіне қатысу. ҚХСКК БК әрбір шақырылымның өкілеттік мерзімі - 5 жыл. ҚХСКК пленарлық отырыстары жылына бір рет өткізіледі. Қазіргі уақытта ҚХСКК Бүкілқытайлық комитетінің 13-ші шақырылымы жұмыс істейді.