Бейжіңде ҚР-дағы автожол жобаларын іске асыру барысы талқыланды

Бейжіңде ҚР-дағы автожол жобаларын іске асыру барысы талқыланды

Бейжің, 2022 жылғы 13 маусым - Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев «China Xinxing Group Co., Ltd.» корпорация Директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цзянмен кездесу өткізді.

Кездесудің күн тәртібінде Қазақстанда бірлескен автожол жобаларын жүзеге асыруға байланысты мәселелер болды.

Қытайлық тарап қазақстандық дипломатты ҚР-дағы автожолдар құрылысының барысы, сондай-ақ жобаларды іске асырудағы мәселелер туралы хабардар етті.

Өз кезегінде, Ш.Нұрышев қытайлық тараптың назарын өзіне алған шарттық міндеттемелерді орындау және жалпы іске асырылып жатқан жобалардың барысын жеделдету қажеттігіне аударды.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар құрылыс нысандарындағы жұмыстарды жандандыру, сондай-ақ туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында жұмыс байланыстарын жалғастыруға уағдаласты.

Қытайлық «China Xinxing Group Co., Ltd.» құрылыс корпорациясы 1953 ж. құрылған. Корпорация 17 жыл бойы «ААА» кредиттік рейтингін сақтап келеді. Компанияның жарғылық капиталы 154 млн. долл., жиынтық активтері - 3,04 млрд. долл., қызметкерлердің жалпы саны - 6 мың адамды құрайды. Қазақстанда компания Нұр-Сұлтан қ., Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында автомобиль жолдарының құрылысын жүргізуде.