
Бейжің, 2022 ж. 18 қаңтар - ШЫҰ Хатшылығында Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Минмен кездесті.
Сұхбат барысында Қазақстан Елшісі ШЫҰ Бас хатшысын қызметіне кірісуімен құттықтап, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің құттықтау хатын табыс етті.
Қазақстандық дипломат ШЫҰ Хатшылығының басшысына ағымдағы жылдың қаңтар айының басында елде болған қайғылы оқиғаларға байланысты Қазақстанға көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін алғысын білдірді.
Ғ.Қойшыбаев Бас хатшыны Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саяси бағытының өзгермейтіндігіне, оның шетелдік әріптестермен, соның ішінде Шаңхай ынтымақтастық ұйымы елдерімен тығыз, тең құқылы және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға деген нық ниетіне сендірді. Сондай-ақ ол, Қазақстан ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша ШЫҰ шеңберінде толық ауқымды және теңдестірілген өзара іс-қимылға зор мән беретінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ШЫҰ мен оның Хатшылығы қызметінің әртүрлі мәселелері бойынша тығыз байланыстар орнатуға, ШЫҰ мүше мемлекеттері мен Хатшылығы ұйымдастыратын іс-шараларға белсенді қатысуға, осы беделді халықаралық құрылымның жұмысын одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстар мен бастамасымен алмасуға келісті.