Бейжіңде ҚР-ҚХР арасындағы қаржылық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері қаралды

Бейжіңде ҚР-ҚХР арасындағы қаржылық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері қаралды

Бейжің, 2021 ж. 28 желтоқсан - Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Жібек жолы қорының (ЖЖҚ) Президенті Ван Яньчжимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар қаржы және инвестициялық салалардағы Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының ағымдағы жағдайы туралы пікір алмасты. Сонымен бірге, ЖЖҚ-ның ҚР-дағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қатысу мәселелерін және ЖЖҚ мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыру жолдарын қарастырып, соның ішінде АХҚО Жасыл қаржы орталығы шеңберінде өзара әрекеттесу арқылы Қазақстан мен Орталық Азиядағы перспективалық «жасыл» жобаларды бірлесіп қаржыландыруды талқылады.

Кездесуге қатысқан АХҚО, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Kazakh Invest» ҰК АҚ өкілдіктерінің басшылары өз кезегінде қытайлық тарапқа өздерінің инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары бойынша баяндады.

Сонымен бірге, кездесудің қатысушылары ҚР аумағындағы инновациялық жобаларға, оның ішінде көміртекті бейтараптық мақсаттарына қол жеткізуге, экономикаларды жаһандық жеткізу тізбегіне ықпалдастыруға және экспорттық әлеуетті іске асыруға ықпал ететін жобаларға бірлесіп инвестиция құю мүмкіндіктерін талқылады.

«Самұрық-Қазына» АҚ мен «Kazakh Invest» ҰК АҚ-ның перспективті инвестициялық жобаларын одан әрі зерделеу мақсатында жұмыс байланыстарын жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жалпы капиталдандыруы 40 млрд.$. құрайтын «Жібек жолы қоры» компаниясы (ЖЖҚ) 2014 ж. желтоқсанда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен құрылған. ЖЖҚ даму мен инвестициялардың орта және ұзақ мерзімді қоры болып табылады. Оның мақсаты – «Жібек жолының экономикалық белдеуі» мен «XXI ғасырдың теңіз Жібек жолын» құруға белсенді қатысу үшін Азиядан және әлемнің басқа аймақтарынан инвесторларды тартуға көмектесу.

ЖЖҚ-ның қаражаты «Бір белдеу, бір жол» ынтымақтастығы аймағына кіретін елдерге көмек көрсетуге, оның ішінде инфрақұрылым, энергиямен жабдықтауға, телекоммуникация объектілерін салуға, табиғи ресурстарды әзірлеуге және т. б. салаларға бағытталады деп болжамдауда.