Шанхайда төмен көміртекті тұрақты даму мәселелері бойынша ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Шанхайда төмен көміртекті тұрақты даму мәселелері бойынша  ынтымақтастық перспективалары талқыланды

2021 жылғы 31 қазан – 1 қараша аралығында Шанхай қаласында гибридті форматта Дүниежүзілік қалалар күніне орай Қалалардың тұрақты дамуы жөніндегі жаһандық конференция өтіп, оның аясында Экологиялық тұрақтылық форумы өтті.

Анықтама үшін: БҰҰ Бас Ассамблеясының 2013 ж. 27 желтоқсандағы №68/239 қарарына сәйкес жаһандық урбанизация мәселелеріне халықаралық қауымдастықтың назарын аудару мақсатында жыл сайын 31 қазанда Дүниежүзілік қалалар күні атап өтіледі.

Іс-шараны ҚХР Экология және қоршаған орта министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық және алмасу орталығы, Шанхай қаласының Тұрғын үй, қала және ауылдық құрылыс комитеті және Экология және қоршаған орта басқармасы ұйымдастырды.

Форумның жұмысына Қытайдың бірқатар орталық мемлекеттік органдары, академиялық және іскерлік топтары, бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Беларусь және Израильдің экологиялық ұйымдары мен ғылыми-зерттеу құрылымдарының өкілдері қатысты. Іс-шараға қазақстандық тараптан Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі мен «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (ХЖТИЖ КЕАҚ) атсалысты.

Форум аясында қалалардың тұрақты дамуының жаңа моделі, жасыл урбанизация және жаңа аудандардың құрылысы, сондай-ақ эко-қалаларды дамыту мәселелеріне арналған 3 тақырыптық сессия өткізілді. Жасыл, таза және тұрақты қалаларды салу, климаттың өзгеруіне әрекет ету мәселелері бойынша талқылау өтті, сондай-ақ төмен көміртекті тұрақты даму бойынша тәжірибе алмасу болды.

«Қалалардың тұрақты дамуының жаңа моделі: төмен көміртекті дамуға көшу және жасыл технологиялардың инновациялары» сессиясында онлайн түрде ХЖТИЖ КЕАҚ Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Ж.Игенова сөз сөйледі. Оның баяндамасында төмен көміртекті технологиялар және жасыл технологиялар саласында инновацияларға көшу мәселелері бойынша Қазақстанның экологиялық саясатының шаралары, сондай-ақ тұрақты дамуға қол жеткізудегі «жасыл таксономия» мен экологиялық ақпаратты цифрландырудың маңызды рөлі баса айтылды.

Сонымен қатар, бизнес пен қоғаммен көпжақты серіктестікке негізделген елдердің «жасыл экономикаға» көшуі бойынша Қазақстанның халықаралық экологиялық бастамасы болып табылатын «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасына қытайлық әріптестердің қосылуының маңыздылығы мен уақтылылығы атап өтілді.