Қазақстан 8-ші «Қытай – Орталық Азия» ынтымақтастық форумына қатысты

Қазақстан 8-ші «Қытай – Орталық Азия» ынтымақтастық форумына қатысты

Ланьчжоу, 2021 ж. 15-16 қазан - Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Ганьсу өлкесінің Халық үкіметі және ШЫҰ Тату көршілік, достық және ынтымақтастық комитеті ұйымдастырған 8-ші «Қытай - Орталық Азия» ынтымақтастық форумына қатысты.

Іс-шараның қонақтары мен қатысушылары сондай-ақ ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті (БХӨЖ ТК) Төрағасының орынбасары, Бүкілқытайлық әйелдер федерациясының төрағасы Шэнь Юэюэ, Ганьсу өлкесі партия комитетінің хатшысы, Халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Инь Хун, Ганьсу өлкесі Халық үкіметінің төрағасы Жэнь Чжэньхэ, ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнайы өкілі Ли Хуэй, ҚХР-да аккредиттелген бірқатар елдердің дипломатиялық миссиялары, ШЫҰ Хатшылығының басшылары мен қызметкерлері, сонымен қатар Қытайдың орталық мемлекеттік органдары, ғылыми-зерттеу құрылымдары, іскерлік топтары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Форумның ашылу рәсімінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Түркіменстанның Халық мәслихаты Милли Генгеш (Парламенттің жоғарғы палатасы) Төрағасының орынбасары Қасымғұлы Бабаев, Өзбекстан Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы Төрағасының орынбасары (Парламенттің төменгі палатасы) Зухра Ибрагимова іс-шараға қатысушыларға бейнежолдау жасады.

Іс-шара аясында спутниктік навигациялық жүйені қолдану; әйелдер рөлін дамыту; заманауи сауда мен логистика; тұрақты және жасыл даму мәселелеріне арналған 4 тақырыптық кіші форум өткізілді. «Әйелдер рөлінің дамыту» кіші форумында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Л.Рамазанованың бейнежазбасы көрсетілді.

Форум аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Армения елшілерінің БХӨЖ ТК Төрағасының орынбасары Шэнь Юэюэ және Ганьсу өлкесінің басшылығымен ұжымдық кездесуі өтіп, оның барысында тараптар «Қытай – Орталық Азия» аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегі туралы пікір алмасты.

Кездесу барысында Ғ.Қойшыбаев дипломатиялық миссиялардың басшылары атынан сөз сөйлеп, өте қысқа мерзімде өзектілігі мен уақтылығын дәлелдей алған «Қытай – Орталық Азия» ынтымақтастық форумдарын тұрақты түрде өткізудің маңыздылығын баса айтты. Ол аталған байланыс форматының арқасында аймақтағы елдердің өңірлік мәселелерді талқылап қана қоймай, сонымен қатар заманауи өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу үшін жаңа өте қолайлы мүмкіндікке ие болғанын атап өтті. Қазақстандық дипломат сондай-ақ практикалық нәтиже беруі тиіс Форумның өзара толықтыратын рөлі және
2020 жылы іске қосылған «Орталық Азия – Қытай» форматындағы сыртқы істер министрлерінің тұрақты кездесулерінің тетігіне назар аударды.

Өз кезегінде, Шэнь Юэюэ қытайлық тараптың Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге, көліктік байланысты нығайтуға, сондай-ақ ғаламдық пандемиямен бірлесіп күресуде тиімді өзара ықпалдасуды жалғастыруға дайындығын білдірді.

«Қытай – Орталық Азия» ынтымақтастық форумы 2012 жылы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету және ынтымақтастық тетіктерін дамытуға арналған диалог алаңы ретінде құрылды. Форумды құру отырысы 2012 жылғы 7 мамырда Чжэцзян өлкесінің Тунсян қаласында (ҚХР) өтті. Бұл іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының бұрынғы орынбасары Ж.Кәрібжанов қатысты.