
Бейжің, 2021 ж. 10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, философы және гуманисті Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Бейжіңдегі «Цзиньтай» өнер мұражайында жыл сайынғы 6-шы «Абай оқулары» өтті.
Іс-шара қонақтары ҚХР-да аккредиттелген бірқатар дипломатиялық миссиялардың басшылары, Қытайдың мемлекеттік органдары, академиялық және шығармашылық зиялылары, сондай-ақ қазақ диаспорасы өкілдері, қытайлық және қазақстандық БАҚ журналистері болды.
Іс-шара 2014 жылы Бейжің қаласының «Чаоян» Орталық саябағындағы Халықаралық атақты мүсін бағында орнатылған Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен ашылды.
Қазақстанның Елшісі Ғабит Қойшыбаев өзінің алғы сөзінде «Абай оқуларының» қатысушыларына Абай Құнанбайұлы шығармашылығының қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына қосқан маңызды үлесі, сондай-ақ ұлы ақынның рухани мұрасының қазақ жастарының адамгершілік санасын қалыптастыруда қандай рөл атқаратынын айтты.
Сонымен қатар қазақстандық дипломат Абай шығармалары бірқатар шет тілдеріне аударылғанын және қазір әлемнің әр түкпіріндегі оқырмандарға қолжетімді екенін атап өтті. Осыған орай, ол Қытайдың атақты абайтанушысы және аудармашысы Ха Хуанчжанға, жазушы және әдебиетші-ғалым Ақбар Мәжитке, сондай-ақ «Цзиньтай» мұражайының басшылығына Абайдың рухани мұрасын Қытайда кеңінен танытуға қосқан үздіксіз еңбегі және баға жетпес үлесі үшін ерекше ризашылығын білдірді.
Іс-шара барысында Абай мұрасын насихаттауға елеулі үлес қосқан және оның туғанына 175 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді қатысқаны үшін Қытай өкілдеріне Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтота Райымқұлованың алғыс хаттары табыс етілді.
Сондай-ақ, «Абай оқулары» аясында Қытайдың белгілі суретшісі және мүсіншісі, «Цзиньтай» өнер мұражайының директоры Юань Сикун жасаған ақынның қола бюстін ҚР Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында орналасқан Абай атындағы мамандандырылған гимназия-мектебіне сый ретінде табыстаудың салтанатты рәсімі өтті.
Іс-шара концерттік бағдарлама мен атақты қазақ және қытай суретшілерінің қазақтың ұлы ақынына арналған суреттер көрмесінің арқасында жылы және достық жағдайда өтті. Мерекелік кештің қонақтары дәстүрлі қазақ тағамдарынан дәм тата алды.