
Чэнду, 2021 жылғы 6 мамыр - Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Чэнду қаласына (Сычуань өлкесі) жұмыс сапары барысында Алматы қаласы мен Сычуань өлкесі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсіміне қатысты. Құжатқа онлайн режимде Алматы қаласының Әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Сычуань өлкесінің Губернаторы Хуан Цян қол қойды. Сонымен қатар, аталған рәсімге Қытайдың Алматыдағы Бас консулының міндетін атқарушы Мяо Хунбо, екі елдің дипломаттары, сондай-ақ қазақстандық және қытайлық БАҚ өкілдері қатысты. Сычуань өлкесі Алматымен туыстық байланыс орнатқан Үрімшіден кейінгі Қытайдың екінші аймағы болып отыр.
Салтанатты шара аясында Қазақстан Елшісі Ғабит Қойшыбаевтың Сычуань губернаторы Хуан Цянмен екіжақты кездесуі өтті, оның барысында тараптар Қазақстанның оңтүстік астанасы мен Сычуань өлкесінің ынтымақтастығын кеңінен дамыту жөнінде пікір алмасты.
Сычуань - 91 млн. халқы бар Қытайдың ірі экономикалық, мәдени, туристік және көлік-логистикалық аймағы (Қытай бойынша 4 орында). 2020 жылы өлкенің ЖІӨ 4,86 трлн.юаньді құраған болатын (ел ішінде 6-шы орында).
Сычуань астанасы Чэнду қ. - 130 халықаралық (аймақтық) бағыттары бар Қытайдағы 4-ші ірі авиациялық хаб. Сонымен қатар, Чэндудан Еуропаға қатынайтын жүк пойыздарының жалпы саны 6800-ден асып, қатарынан 4 жыл бойына ҚХР-да 1-ші орынды иемденіп келуде.
Сычуанда Fortune 500 тізіміне кіретін 364 компания жұмыс істейді. Бұл аймақта 20 шетелдік консулдық бөлімдер бар. Бүгінгі таңда Сычуань әлемнің түкпір-түкпірінен 367 қаламен (аймақпен) туыстық және достық қарым-қатынас орнатқан.