
Қытай Халық Республикасы (ҚХР) Қазақстан Республикасының (ҚР) ең ірі сауда серіктесі болып табылады.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы сауда айналымы 30,1 млрд. долларды (-0,001%) құрады, оның ішінде ҚР-дың ҚХР-ға экспорты – 14,9 млрд. доллар (+1,4%), импорты – 15,2 млрд. доллар (-1,3%).
ҚХР Бас кеден басқармасының деректері бойынша, 2024 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 43,8 млрд. долларды (+6,8%) құрады, оның ішінде ҚР экспорты – 15,8 млрд. доллар (-3%), импорты – 28 млрд. доллар (+13,2%).
ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдың Қазақстанның жалпы сауда айналымындағы үлесі 27,1% болды, бұл ҚХР-ды ҚР-ның басты сауда серіктесі етеді.
Инвестициялық ынтымақтастық: ҚР Ұлттық банкінің деректері бойынша, 2005 жылдан 2024 жылға дейін ҚХР-дың Қазақстанға салған тікелей инвестицияларының жалпы көлемі 26,42 млрд. долларды құрады. Осы кезеңде ҚР-дың Қытайға салған тікелей инвестицияларының жалпы көлемі – 872,2 млн. доллар. 2024 жылдың ішінде ҚХР-дан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,19 млрд долларды, ал Қазақстаннан Қытайға инвестиция көлемі – 84,6 млн. долларды құрады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Ресей, Нидерланд, Оңтүстік Корея және Бельгиядан кейінгі 5-орында тұр.
2005-2024 жылдар аралығында Қытай Нидерланды, АҚШ және Швейцариядан кейін 4-ші орында.
2015 жылдан бастап ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті тең төрағалық ететін Қазақстан-Қытай индустрияландыру және инвестициялар жөніндегі үйлестіру комитеті жұмыс істейді. Жалпы 21 отырыс өткізілді.
2024 ж. 16 қазанда Астанада өткен 21-отырыстың қорытындысы бойынша, Қазақстан-Қытай жобаларының тізіміне энергетика, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, мұнай-химия, химия, металлургия, құрылыс, өнеркәсіп, кен өндіру, автомобиль жасау, көлік, инфрақұрылым, инновация және қаржы салаларындағы жалпы құны 14,74 млрд. долларды құрайтын 47 жоба енгізілді.
2013 жылдан бастап Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі (ҚҚІК) жұмыс істейді. 2013-2024 жылдар аралығында 7 отырыс өткізіліп, жалпы сомасы 61,38 млрд. долларды құрайтын 229 коммерциялық құжатқа қол қойылды.
2024 ж. 2 шілдеде ҚҚІК-тің 7-отырысы аясында жалпы сомасы 3,7 млрд. доллар болатын 45 коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігі мәселелерінің жалпы үйлестіруін 2 комиссия, 1 үйлестіру комитеті және 13 кіші комитеттен тұратын Ынтымақтастық комитеті жүзеге асырады.
2025 ж. 18 наурызда Бейжіңде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.Скляр мен ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсянның төрағалығымен Ынтымақтастық комитетінің 12-ші отырысы өтті.
Энергетика саласындағы ынтымақтастық мұнай мен газды өндіру және Қытайға экспорттау, азаматтық атом энергетикасы, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері бағыттарында қарқынды дамуда.
Көлік саласындағы ынтымақтастық: қазіргі уақытта ҚР мен ҚХР арасындағы жүк тасымалы теміржол арқылы «Достық (ҚР) – Алашанькоу (ҚХР)» және «Алтынкөл (ҚР) – Қорғас (ҚХР)» шекаралық бекеттері арқылы жүзеге асырылады.
Автомобиль көлігімен жүк тасымалы «Достық – Алашанькоу», «Нұр Жолы – Қорғас», «Қалжат – Дулаты», «Бақты – Покиту» және «Майқапшағай – Зимунай» шекаралық өткізу бекеттері арқылы жүзеге асырылады.
2024 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы теміржол жүк тасымалы көлемі 32 млн тоннаны (+13%) құрады, оның ішінде: ҚР-дан ҚХР-ға – 19,935 млн тонна (+14%), ҚХР-дан ҚР-ға – 12,112 млн тонна (+11%).
Тұрақты жолаушылар әуе рейстері мына бағыттар бойынша жүзеге асырылады: Астана – Бейжің – Астана, Алматы – Бейжің – Алматы, Алматы – Гуанчжоу – Алматы, Астана – Үрімші – Астана, Алматы – Үрімші – Алматы, Ханчжоу – Алматы – Ханчжоу, Астана – Сиань – Астана, Алматы – Сиань – Алматы, Алматы – Ханчжоу – Алматы, Астана – Санья – Астана, Алматы – Санья – Алматы.
«Қорғас Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» жұмыс істейді. Бұл Қазақстан мен Қытайдың іргелес шекаралас аумақтарында орналасқан, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа арналған кешен.
Ауыл шаруашылығы саласында соңғы жылдары экспортталатын өнім түрлері көбейіп келеді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің екіжақты сауда айналымы 1,1 млрд долларды (+16,8%) құрады.
Қазіргі уақытта Қытайға өнім экспорттауға 1718 қазақстандық ауыл шаруашылығы кәсіпорны рұқсат алған (оның ішінде 86-сы – мал шаруашылығы өнімдері, 1629-ы – өсімдік шаруашылығы өнімдері бойынша).
2024 ж. 7 ақпаннан бастап Қытай тарапы Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірлерінен (Абай, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалалары) аусылға байланысты бұрын енгізілген шектеулерді алып тастады.
Қазіргі уақытта Қытайға экспорттауға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосымша 6 түрі бойынша (картоп, қызылша жомы, сұлы үлпегі, жармалар, құрғатылған бие сүті және құс шаруашылығы өнімдері) ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды келісу жұмыстары жүргізілуде.