2026 жылғы 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Бендер-Аббастағы консулдығының басшысы Д.Дүйсебай ИИР Сыртқы істер министрлігінің осы қаладағы өкілдігінің басшысы М.Сүлейманимен және Хормозган провинциясы губернаторының халықаралық істер жөніндегі орынбасары М.Нәзәримен кездесу өткізді.
Кездесу барысында консулдық және Қазақстан мен Иран өңірлері арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері жөнінде пікір алмасылды.
2026 жылғы 29-30 қазанда Қазақстанның Атырау қаласында VII «Алтын домбыра» жеке домбырашылар және үш ішекті халық аспаптарында орындаушылар арасында халықаралық күй конкурсы өтеді.
Конкурс Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор, көрнекті күйші-сазгер Әзидолла Есқалиевтың шығармашылық мұрасына арналған.
Байқаудың мақсаты — қазақтың дәстүрлі күй өнерін насихаттау, ұлттық музыкалық мұраны сақтау, дарынды орындаушыларды қолдау және қазақ күй өнерін халықаралық деңгейде таныту.
Бұл халықаралық конкурсқа 16 жастан асқан орындаушылар, соның ішінде шет мемлекеттерден өнерпаздар қатыса алады. Қатысуға қажетті құжаттар 2026 жылғы 25 қазанға дейін қабылданады.
Электрондық пошта: Oxshoatyrau@mail.kz;
Телефондар: +77051698587; +77781412096 - К.Меңсейітқызы
2026 жылғы 23 тамызда Бендер-Аббаста (Иран) Қазақстанның осы қаладағы консулдығы мен Хормозган провинциясы губернаторлығының ұйымдастыруымен Абай, Сағди және Хафиз шығармаларына арналған әдеби-мәдени кеш өтті.
Іс-шарада Иранның Хормозган прваинциясы губернаторының халықаралық істер жөніндегі орынбасары М.Нәзәри, Мәдениет және ислам бағдары департаментінің бас директоры Ф.Джәлали, Иран Сыртқы істер министрлігі өкілдігінің қызметкері С.Асади, Хормозган университетінің профессоры, әдебиеттанушы доктор А.Нөурузи, Шайырлар қоғамының және Зағиптар қоғамының басшылары мен мүшелері және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйледі.
Доктор А.Нөуризи баяндама жасап, Абай Құнанбайұлы мен парсының ұлы ақындары мұраларының сабақтастығын кеңінен талдады.
Кешке қатысушылар Абайдың, Сағдидың, Хайямның және өзге де ақындардың жырларын жатқа оқыды.
Іс-шара соңында Қазақстан мәдениет саласының үздігі, халықаралық күйшілер байқауының жеңімпазы Аякөз Нұрсұлтан Абайдың, Құрманғазының, Сүгірдің, Т.Момбековтің және С.Тұрысбековтің күйлерін тартып, концерт қойды.
2026 жылғы 18 тамызда Қазақстанның Бендер-Аббас қаласындағы (Иран) консулдығының басшысы Дәуірбек Дүйсебай Хормозган провинциясындағы «Никса» балық өсіру компаниясының басшысы Ехсан Юсефимен кездесіп, аталған балық шаруашылығының қызметімен танысты.
Кездесу барысында балық өсіру саласы бойынша ҚР мен ИИР өңірлерінің компаниялары арасында өзара ықпалдастық орнату мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың адамзат өркениетіндегі орнын жоғары бағалап: «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», – деп атап көрсеткен.
Расында да, қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы - қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналған аса құнды мұра. Абай поэзиясы мен қара сөздерінен адамгершілік, имандылық, білім, әділет, махаббат және кемелдік мәселелерін терең толғаған ұлы ойшылдардың үндестігін көруге болады.
Абай дүниетанымының қалыптасуында Шығыс әдебиеті мен философиялық ойының орны ерекше. Ақын жас кезінен араб, парсы және түркі әдебиетінің классикалық үлгілерімен танысып, Шығыс шайырларының шығармаларын зерделеген. Оның шығармашылығынан парсы-түркі әдебиетінің көрнекті өкілдері Сағди Ширази, Хафиз Ширази, Фирдоуси және Омар Хайям шығармаларымен үндес ойларды кездестіруге болады.
Абайдың алғашқы қадамдары және Шығыс әдебиеті
Абайдың ақындық жолының басталуына қатысты деректердің бірі оның алғашқы өлеңдерінің бірінде Шығыс шайырларына сүйеніп, солардан медет сұрауы. Бұл – жас Абайдың өзін қалыптасқан әдеби дәстүрдің жалғасы ретінде сезінгенін аңғартатын маңызды белгі.
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммәси,
Мәдәт бер я шағири, фәрияд!
Мұнда Абай Шығыс әдебиетінің ұлы шайырларын атап, олардан рухани шабыт пен медет сұрайды.
Абай үшін Шығыс әдебиеті тек көркемдік үлгі ғана емес, терең философиялық ойлардың қайнар көзі болды. Парсы поэзиясында ғасырлар бойы дамыған адам, қоғам, махаббат, әділет және Жаратушы мәселелері қазақ даласының рухани болмысымен үндесіп жатты.
Осы тұрғыдан алғанда, Абай шығармашылығын қазақ әдебиетінің ішкі дамуымен ғана шектемей, оны Еуразияның кең рухани кеңістігіндегі әдеби-философиялық үдерістердің бір бөлігі ретінде қарастыруға болады.
Сағди мен Абай: адамзаттың бірлігі туралы ой
Абай шығармашылығы мен парсы әдебиетінің арасындағы рухани сабақтастықты көрсететін жарқын мысалдардың бірі – Сағди поэзиясы.
Сағди Ширазидың әйгілі адамзат бірлігі туралы ойы «Гүлстан» шығармасының кіріспесінде көрініс тапқан.
Әрбір адам мүшесі екен тұтас тән,
Жаратылыс дүние ғой тұтасқан.
Егер тәннің бір мүшесі ауырса,
Өзгелер де тартады азап барынша.
Басқаларға жаны ашымас алаңбоп
Сендейлерді айтпау керек адам деп.
Сағди адам баласын біртұтас организмнің мүшелеріне теңеп, бір адамның басына түскен қайғы-қасіретті бүкіл адамзатқа ортақ мәселе ретінде қарастырады.
Бұл идея Абайдың:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті», -
деген өсиетімен рухани тұрғыдан үндеседі.
Абай адам баласын ұлтына, дініне, шыққан ортасына қарай бөлмей, адамзатқа ортақ бауырластық пен сүйіспеншілікті жоғары құндылық ретінде ұсынады. Оның түсінігіндегі «адам болу» – белгілі бір халыққа ғана тән қасиет емес, бүкіл адамзатқа ортақ моральдық мұрат.
Сағди мен Абай арасындағы бұл үндестік кездейсоқ құбылыс емес. Екі ойшыл да адамның қадір-қасиетін, өзара мейірімділік пен бауырластықты қоғамның рухани негізі ретінде қарастырған.
Екі ақынның да шығармашылық мұрасында адамзаттың тұтастығы мен теңдігі идеясы айрықша орын алады. Олар адам баласын шығу тегі, нәсілі немесе әлеуметтік мәртебесіне қарай бөлмей, барша адамға тең дәрежеде ізгілік пен жанашырлық танытуды насихаттайды. Бұл ұстаным олардың гуманистік дүниетанымының негізгі қағидаттарының бірі ретінде көрініс табады.
Аталған ой-тұжырымдардың мазмұнына терең үңілу олардың тек әдеби-эстетикалық құндылықпен шектелмейтінін, сонымен қатар бейбітшілік, өзара түсіністік пен адамзат бірлігін орнықтыруға бағытталған әмбебап философиялық мәнге ие екенін көрсетеді. Егер осы ойшылдардың адамгершілік пен ізгілікке үндейтін шығармаларын қазіргі заман тұрғысынан пайымдайтын болсақ, олардың идеялары қақтығыстар мен соғыстарды еңсеру, нәсілшілдікке бой бермеу, халықтар арасындағы өзара құрмет пен ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды рухани бағдар бола алады.
Абайдың Алла және хикмет туралы философиясы
Абай шығармашылығында Шығыс мұрасымен сабақтас тағы бір маңызды мәселе – Алла, иман және адамның рухани кемелденуі.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас», -
деп жырлаған Абай.
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.
Абайдың бұл шумағында адам өмірінің өткіншілігі, уақыттың қайтымсыздығы және мәңгілік өзгермейтін жалғыз ақиқаттың Құдай екені туралы философиялық ой түйінделеді.
Ақын Аллаға сенуді құрғақ догма ретінде емес, адамның өзін және дүниені тануының негізі ретінде қарастырады. Оның:
«Алланы сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар дүниеде одан басқа?» -
деген жолдары ақынның діни-философиялық дүниетанымының тереңдігін көрсетеді.
Мұндағы «хикмет» ұғымы ерекше мәнге ие. Ол жай ғана діни ұғым емес, жаратылыстың сырын, әлемнің мәнін, адам болмысының мақсатын тануға ұмтылысты білдіреді. Абай үшін Алланы сүю – сонымен бірге Оның жаратқан дүниесін, адамды және өмірдің мәнін түсінуге ұмтылу.
Бұл ой Шығыс мұсылмандық философиясы мен сопылық әдебиетінде қалыптасқан дәстүрмен де сабақтас. Парсы әдебиетінің классиктері адамның ішкі дүниесін жетілдіруді, махаббат пен ізгілікті, рухани кемелдікті жоғары қойды. Абай осы идеяларды қазақтың қоғамдық-мәдени ортасына бейімдеп, жаңа мазмұнмен дамытты.
Абайдың толық адам концепциясы және парсы әдебиеті
Абайдың бүкіл шығармашылығының өзегінде «толық адам» идеясы жатыр. Ақын адамның ақыл, қайрат, жүрек секілді қасиеттерін үйлестіріп, ғылым мен білімге ұмтылып, әділет пен рақым жолын ұстануын қалайды.
Абайдың бұл ойлары Шығыс философиясындағы кемел адам түсінігімен үндеседі. Парсы әдебиетінде де адамның ішкі дүниесін тәрбиелеу, нәпсіні жеңу, әділетке ұмтылу, махаббат пен ізгілікті жоғары қою тақырыптары кең орын алған.
Сондықтан Абайды тек қазақтың ұлы ақыны ғана емес, Шығыс пен Батыстың рухани құндылықтарын тоғыстырған ірі ойшыл ретінде тану маңызды. Ол Шығыстан дайын идеяларды жай ғана қабылдап қойған жоқ. Керісінше, оларды қазақ қоғамының тарихи және мәдени жағдайына бейімдеп, өзіндік философиялық жүйе қалыптастырды.
Абай мұрасы – Қазақстан мен Иран арасындағы рухани дәнекер
Абай шығармашылығының парсы тіліне аударылуы - оның мұрасын Иран оқырмандарына жақындата түсетін маңызды мәдени құбылыс. Ақынның өлеңдері мен қара сөздерін ирандық ақын әрі аудармашы М.Шадкамның парсы тіліне тәржімалауы Қазақстан мен Иран арасындағы әдеби байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Абайдың шығармаларын парсы тілінде оқу арқылы ирандық оқырман қазақ халқының рухани дүниесін, тарихи танымын және адамгершілік құндылықтарын тереңірек түсіне алады. Ал Қазақстан үшін бұл – парсы әдебиетінің бай дәстүрін Абай мұрасы арқылы жаңа қырынан танытуға жол ашатын мүмкіндік.
Қазақстан мен Иранның мәдени байланыстарының тарихы терең. Екі халықты Ұлы Жібек жолы арқылы қалыптасқан тарихи-өркениеттік байланыстар ғана емес, ортақ рухани құндылықтар да жақындастырады. Абай мен Сағди шығармаларындағы адамзаттың бірлігі, ізгілік, әділет, махаббат және рухани кемелдік идеялары – осы ортақ құндылықтардың айқын көрінісі.
Бүгінде Абай мұрасын Иранда кеңінен насихаттау, оның шығармаларын парсы тіліне аудару, Абай мен парсы классиктерінің шығармашылығына арналған ғылыми конференциялар мен әдеби кештер өткізу Қазақстан-Иран мәдени-гуманитарлық байланыстарын тереңдетудің тиімді бағыттарының бірі бола алады.
Жалпы, Абай шығармашылығына үңілген сайын оның қазақ әдебиетінің дәстүрін жалғастырушы ғана емес, Шығыс пен Батыстың рухани дүниесін байланыстыра білген әмбебап ойшыл болғанын аңғарамыз.
Оның Шығыс әдебиетіне ден қоюы, алғашқы шығармашылық қадамдарында парсы поэзиясының дәстүріне сүйенуі, адамзаттың бірлігі мен бауырластығы туралы ойлары, Аллаға деген махаббат пен хикметті тануға үндейтін философиялық толғамдары парсы әдебиетінің классикалық мұрасымен терең үндеседі.
Сағдидың адамзатты біртұтас организмнің мүшелеріне теңеген гуманистік ойы мен Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиеті – ғасырлар мен мәдениеттерді жалғаған рухани сабақтастықтың жарқын мысалы.
Абай мұрасы Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени-гуманитарлық диалогты тереңдетуге ықпал ететін маңызды рухани-өркениеттік дәнекер ретінде қарастырылады. Ақын шығармашылығын парсы әдебиетінің көрнекті өкілдерінің мұрасымен сабақтастық тұрғысында зерделеу олардың дүниетанымдық, философиялық және этикалық үндестіктерін айқындауға мүмкіндік береді. Мұндай ғылыми-зерттеу және ағартушылық жұмыстарды Иран қоғамында кеңінен насихаттау екі ел халықтарының тарихи-мәдени мұрасын өзара тереңірек тануына, ортақ рухани құндылықтарды дәріптеуіне және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың мазмұнын жаңа деңгейде толықтыруына негіз бола алады.
Абайдың адамгершілік, білім, ғылым, әділет пен кемелдік туралы философиялық ой-тұжырымдары бүгінгі күні де өзінің ғылыми және қоғамдық маңызын сақтап отыр. Осы тұрғыдан алғанда, оның шығармашылық мұрасы ұлттық әдебиеттің аясымен шектелмей, жалпыадамзаттық рухани құндылықтардың құрамдас бөлігі ретінде бағаланады. Абай туындыларының идеялық және көркемдік әлеуеті олардың әртүрлі мәдени кеңістіктерде өзектілігін сақтап, келешек ұрпақ үшін де маңызды рухани мұра ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Д.Құдабайұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
2026 жылғы 23 шілдеде Қазақстан Республикасының Бендер-Аббас қаласындағы (Иран) консулдығының басшысы Д.Дүйсебай «Darya Lajevard-e-Pars» компаниясының бас директоры Сийамәк Хазенимен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Иран өңірлері, компаниялары араларындағы жүк тасымалы, кеме қатынасы, порт және теңіз істері салаларындағы байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.
2026 жылғы 30 маусымда QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының QazExportPromotion қорының бас директоры А.Малгаждаров Иранның Хормозган провинциясының Порттар және теңіз істері ұйымының бас директорының орынбасары Е.Мәкки Задемен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен Иранның аталған қоры мен ұйымы ү.ж. 28 маусымда қол қойған Шахид Раджаи портында (Бендер-Аббас) қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу туралы келісімді іс жүзіне асыру жолдарын талқылады.
Сонымен қатар А.Малгаждаров «Kave» компаниясының Хормозган провициясындағы директоры С.Хашемимен, контейнерлік терминал жөніндегі директоры Р.Джәфәримен, Жалпы тауарлар терминалының директоры М.Әмири Фарсимен кездесулер өткізіп, екі ел компаниялары арасындағы жүк тасымалы, транзит және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
А.Малгаждаров бастаған Қазақстан делегациясы Шахид Раджаи портын, сондай-ақ осы порттағы «Kave» компаниясының айлақтарын, қоймаларын және өзге де объектілерін аралап, оның әлеует-мүмкіндігімен танысты.
2026 жылғы 16 маусымда Қазақстанның Бәндәр Аббас қаласындағы (Иран) консулдығының басшысы Д.Дүйсебай Хормозган провинциясындағы асшаян өсіретін компанияның басшысы В.Тәхәмтәнмен кездесіп, шаруашылық жұмысымен танысты.
Осы сала бойынша ҚР мен ИИР өңірлерінің компаниялары арасында өзара ықпалдастық орнату мәселелері талқыланды.
2026 жылғы 8 маусымда Қазақстан Республикасының Бәндәр Аббас қаласындағы (Иран) консулдығының басшысы Д.Дүйсебай Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Хормозган провинциядағы өкілдігінің басшысы М.Сүлейманимен кездесті.
Жүздесу барысында Қазақстан мен Иран өңірлері арасындағы сауда-экономика, жүк транзиті мен тасымалы және өзге де салалардағы байланыстарды тереңдету мәселелері жөнінде пікір алмасылды.
2026 жылғы 2 маусымда Қазақстан Республикасының Бәндәр Аббас қаласындағы (Иран) консулдығының басшысы Д.Дүйсебай Иранның Хормозган университетінің ректоры доктор М.Мирзадемен, басшылық құрамымен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Иран өңірлері арасындағы ғылым-білім салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.