Горганда Қазақстан мен Иранның дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығы атап өтілді

Горганда Қазақстан мен Иранның дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығы атап өтілді

2022 жылғы 2 қыркүйекте Горган қаласында (Иранның Гүлістан провинциясының әкімшілік орталығы) Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс және фотокөрменің ашылу рәсімі болды.

Бұл іс-шара Гүлістан провинциясының губернаторы Әли Мұхаммед Зангане, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Гүлістан провинциясындағы өкілдігінің басшысы Зулфағар Әміршахи, осы өңірдің Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы М.Чупани, Қазақстанның Ирандағы Елшісі Асхат Оразбай, Гүлістан бизнес ортасының өкілдері, сондай-ақ қазақ диаспорасы белсенділері қатысты.

Салтанатты жиналыста Елші Асхат Оразбай сөз сөйлеп, Қазақстан мен Иран арасында дипломатикалық қарым-қатынас орнатылған 30 жыл ішінде өзара тиімді ынтымақтастық қарқынды дамығанын атап өтті.

Гүлістан провинциясының губернаторы Ә.Зангане өз сөзінде Иран Қазақстанмен достық пен сенімге негізделген қатынасты нығайтуға ынталы екенін мәлімдеп, провинциядағы Инчебурун стансасы мен Каспий жағалауындағы порттарды дамыту арқылы өзара тиімді байланысты күшейту қажеттігін айтты.

Көрмеде Қазақстан-Иран екіжақты қарым-қатынастарының қалыптасуы мен дамуының басты кезеңдеріне қатысты фотосуреттер ұсынылды. 

Көрме аясында Елші А.Оразбай Гүлістан провинциясы мен қала әкімшілігінің басшылығымен, сондай-ақ қазақ диаспорасының белсенділерімен және Иран бизнесінің өкілдерімен жеке кездесулер өткізді.