2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өтеді

2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өтеді
2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өтеді.
Республикалық референдумға «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сауал шығарылады.
Жалпы алғанда, ҚР Конституциясының 33 бабына түзетулер енгізу жоспарлануда. Конституцияға енгізілетін түзетулермен қозғалатын негізгі мәселелер келесілер болып табылады:
- ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың айтуынша, конституциялық түзетулер жобасы бойынша референдум елдің демократиялық қағидаттарға берік ұстанымын көрсетіп, «бұл әрбір азаматқа Қазақстанның болашағын айқындайтын тарихи оқиғаға тікелей қатысуға мүмкіндік береді».
- Мемлекет басшысы конституциялық реформа «суперпрезиденттік» басқару нысанынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін үкіметі бар президенттік республикаға түпкілікті көшуді қамтитын мемлекеттің бүкіл моделін жан-жақты трансформациялауға бағытталғанын және бұл Президент өкілеттігін шектеуге әкеп соғатынын атап өтті.
- Бұдан басқа, конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын және тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтеді және мәслихаттардың (жергілікті өкілді органдардың) тәуелсіздігін арттырады.
- Сонымен қатар, Мәжіліс пен өңірлік мәслихаттар депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлық-тепе-тең үлгісін енгізу сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерінің барлық спектрін неғұрлым толық қамтуға мүмкіндік береді.
- Түзетулердің бір бөлімі Конституциялық сот құру, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту және өлім жазасына толық тыйым салу арқылы адам құқықтарын қорғауды одан әрі күшейтуге ықпал ететін болады.
***
Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшілігінде № 252 дауыс беру учаскесі ашылатынын және 2022 жылғы 5 маусымда таңғы сағат 07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін Елшілік ғимаратында 18 жасқа толған әр Қазақстандық референдумда өз дауысын бере алатынын хабарлаймыз.
Сондай-ақ, Конституциялық реформа еліміздің дамуындағы жаңа кезеңді белгілейтін болғандықтан барлықтарыңызды Қазақстан болашағы үшін референдумға белсенді қатысуға шақырамыз.