GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Елшілік туралы
Консулдық мәселелер
Екіжақты ынтымақтастық
Байланыс ақпарат
Все материалы
16 сентября 2026
«АЛТЫН ДОМБЫРА» VII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЫ АТЫРАУДА ӨТЕДІ

Атырау қаласында 2026 жылғы 29–30 қазанда Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор, күйші-композитор Әзидолла Есқалиевке арналған «Алтын домбыра» VII халықаралық домбырашылар және үш ішекті халық аспаптары орындаушыларының байқауы өтеді. Байқаудың негізгі мақсаты – қазақтың дәстүрлі күй өнерін халықаралық деңгейде насихаттау, Әзидолла Есқалиевтің орындаушылық және шығармашылық мұрасын дәріптеу, сондай-ақ жас таланттарды анықтап, қолдау.

Байқауға 16 жастан асқан мамандандырылған музыкалық оқу орындарының оқушылары мен студенттері, кәсіби музыканттар және талантты орындаушылар қатыса алады. Әрбір шет мемлекеттен екі қатысушыға дейін ұсынылуы мүмкін. Бұған дейінгі Әзидолла Есқалиев атындағы байқаулардың Гран-при иегерлері мен мемлекеттік құрметті атақтары бар тұлғалар конкурсқа жіберілмейді.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Шетелдік қатысушылар үшін бірінші кезең бағдарламасына Құрманғазының «Балбырауын» күйі, В.А. Моцарттың «Рондо» («Түрік маршы») шығармасы және қазақстандық композитордың бір күйі енгізілген. Екінші кезеңде қатысушылар Әзидолла Есқалиевтің бір шығармасын және өз елінің бір ұлттық туындысын орындайды.

Қатысушылардың өнерін Қазақстан мен шет мемлекеттердің белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы бағалайды. Бағалау барысында сахна мәдениеті, орындаушылық шеберлік, көркемдік мәнерлілік, сондай-ақ шығарманы орындаудың дәлдігі мен сапасы ескеріледі.

29 қазанда жеребе тарту және конкурстық тыңдаулар Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда, ал 30 қазанда гала-концерт Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығында өтеді. Шетелден келетін қатысушылардың жол жүру, тұру және тамақтану шығындарын ұйымдастырушылар өтейді.

Қатысу үшін қажетті құжаттарды 2026 жылғы 25 қазанға дейін жолдау қажет.

Байланыс:
+7 705 169 85 87
+7 778 141 20 96 — К. Менсейітқызы
E-mail: oxshoatyrau@mail.kz

10 сентября 2026
Қазақстан мен Грекия парламентаралық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

Афина, 2026 жылғы 10 қыркүйек – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекия Парламентінің депутаты, «Қазақстан–Грекия» парламентаралық достық тобының тең төрағасы Евангелос Сиригоспен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан-Грекия қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, парламентаралық диалогты одан әрі дамытуға және екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды. Екіжақты ынтымақтастықты ілгерілетудегі Парламентаралық достық тобының маңызды рөлі атап өтілді.

Қазақстан мен Грекия парламентарийлерінің ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы және басқа да халықаралық парламенттік алаңдар шеңберіндегі өзара іс-қимылы, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды.

Елші ү.ж. 23 тамызда өткен Құрылтайға алғашқы сайлау туралы айтып, сайлау процесін халықаралық байқау мәселесіне ерекше тоқталды. Дауыс беру барысын 777 халықаралық байқаушы, оның ішінде 41 елден 138 парламентарий, сондай-ақ 13 халықаралық ұйымның өкілдері қадағалады. Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және институционалдық өзгерістер аясында халықаралық парламенттік байқаудың маңыздылығы атап өтілді.

Қазақстандық дипломат сондай-ақ жаңа Үкіметтің жасақталуы, Қазақстан Республикасы Вице-Президенті лауазымының енгізілуі және елдегі саяси реформалардың одан әрі іске асырылуы туралы баяндады.

Сонымен қатар, сұхбаттасушыға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметі және оның конфессияаралық әрі мәдениетаралық диалогты ілгерілетудегі рөлі туралы ақпарат берілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Грекия арасындағы ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытуға өзара мүдделілігін растады.

09 сентября 2026
Астана мен Афина саяси диалогты нығайтуда

Афина, 2026 жылғы 9 қыркүйек – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекия Сыртқы істер министрлігінің «А5» саяси департаментінің директоры Элени Триантафилумен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан-Грекия қатынастарының қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға және жоғары әрі аса жоғары деңгейлердегі алдағы байланыстарға ерекше назар аударды. Халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықтың мазмұнды мәселелері, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті тақырыптары, сондай-ақ шарттық-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру жөнінде пікір алмасылды.

Елші сұхбаттасын Қазақстандағы соңғы конституциялық реформалар және 23 тамызда өткен Құрылтайға алғашқы сайлаудың қорытындылары туралы хабардар етті. Құрылтайдың жаңа құрамына бес саяси партияның өкілдері енгені, ал сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 74,08%-ды құрағаны атап өтілді. Сайлау демократиялық реформаларды іске асырудың және Қазақстанның Парламенттің жаңа бір палаталы моделіне көшуінің маңызды кезеңіне айналды.

Сонымен қатар, Елші жаңа Үкіметтің құрылуы, Қазақстан Республикасы Вице-Президенті лауазымының енгізілуі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметі және оның конфессияаралық әрі мәдениетаралық диалогты ілгерілетудегі рөлі туралы айтып берді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Грекия арасындағы сындарлы диалогты жалғастыруға және ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытуға өзара мүдделілігін растады.

08 сентября 2026
Қазақстан Солтүстік Грекияның іскер топтарына инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

Салоники, 2026 жылғы 7 қыркүйек – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Салоники қаласына жұмыс сапары аясында 90-шы Салоники халықаралық көрмесінің (TIF) ашылуына арналған іс-шараларға қатысып, Солтүстік Грекияның мемлекеттік құрылымдары мен іскер топтарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

4–5 қыркүйекте Елші TIF көрмесіне қатысқан грек компанияларының мүмкіндіктерімен және қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарымен танысты, сондай-ақ шақырылған қонақ ретінде көрменің ресми ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шара аясында Грекия Премьер-Министрі Кириакос Мицотакис елдің экономикалық дамуының негізгі бағыттарына арналған сөз сөйледі.

TIF аясында Елші Грекия Сыртқы істер министрінің орынбасары Харис Теохариспен кездесіп, Қазақстан мен Грекия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

7 қыркүйекте Елші Салоники Сауда-өнеркәсіп палатасының, «ICC Hellas» Халықаралық сауда палатасы Ұлттық комитетінің, Салоники өнеркәсіптік аймағы кәсіпорындары қауымдастығының (SEVIPETH) және жергілікті бизнес өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында Тимур Сұлтанғожин қатысушыларды Қазақстан экономикасының дамуымен, елдің инвестициялық мүмкіндіктерімен, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шараларымен, сондай-ақ Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық буын ретіндегі әлеуетімен таныстырды.

Қазақстандық және грек компаниялары арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды. Перспективалы бағыттар қатарында өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік және логистика, агроөнеркәсіп кешені, туризм, цифрлық технологиялар және өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалар атап өтілді.

Елші Қазақстанның грек бизнесін инвестициялық жобаларды іске асыруға тартуға және екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Осы тұрғыда өңірлік сауда-өнеркәсіп палаталары мен бизнес-қауымдастықтардың серіктестік байланыстар орнатуда және бірлесіп іске асыруға арналған нақты жобаларды айқындаудағы маңызды рөлі атап өтілді.

Сонымен қатар, Елші Салоники Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Иоаннис Масутиспен, SEVIPETH Президенті Константинос Мораитидиспен және Македония мен Фракия мәселелеріне жауапты Грекия Ішкі істер министрінің орынбасары Константинос Гюлекасмен жеке кездесулер өткізді.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Грекия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.

 

02 сентября 2026
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған үндеуі

Құрметті отандастар!

 

Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр.

Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.

Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз.

Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз.

Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады.

Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.

Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.

 

11 августа 2026
Қазақстан мен Грекия азаматтық авиация саласындағы диалогты кеңейтуде

Афина, 2026 жылғы 11 тамыз – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин «AEGEAN Airlines» грек әуе компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Эфтихиос Василакиспен кездесті.

Кездесу барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы Қазақстан-Грекия ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Елші сұхбаттасына Қазақстанның авиация саласының даму қарқыны, әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, ішкі және халықаралық әуе рейстері географиясының кеңеюі, сондай-ақ Қазақстан нарығында шетелдік әуе тасымалдаушыларының қатысуының артуы туралы хабардар етті.

Осы тұрғыда Қазақстан тарапының грек әуе компанияларымен өзара іс-қимылды дамытуға дайын екені атап өтілді. Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе қатынастарының кейбір аспектілері туралы келісімге қол қойылғанын, сондай-ақ визалық режимді одан әрі жеңілдету жөніндегі жүргізіліп жатқан жұмысты ескере отырып, Қазақстан мен Грекия арасындағы әуе қатынасын кеңейтудің келешегі зор екені атап көрсетілді. Аталған шаралар жолаушылар ағынының өсуіне және туристік әрі іскерлік байланыстарды кеңейту үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді деп күтілуде.

Туристік байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды. Шетелдік туристер тарапынан Қазақстанға және Орталық Азияға қызығушылықтың артып келе жатқаны атап өтілді. Осыған байланысты тараптар әуе қатынасын кеңейту өзара туристік ағындарды ұлғайтуға, іскерлік байланыстарды жандандыруға, сондай-ақ гуманитарлық және адамдар арасындағы қатынастарды нығайтуға қосымша серпін бере алатынын атап өтті.

Эфтихиос Василакис ауекомпанияның жаңа халықаралық бағыттарды, оның ішінде Азия елдеріндегі бағыттарды зерделеу және дамыту жөніндегі жұмысы туралы хабарлады. Осы тұрғыда ол «AEGEAN Airlines» компаниясының Қазақстанмен әуе қатынасын дамытудың мүмкіндіктерін перспективалы бағыттардың бірі ретінде зерделеуге мүдделі екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Грекия арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелері бойынша жұмыс байланыстары мен ақпарат алмасуды жалғастыруға уағдаласты.

06 августа 2026
«Қазақстан – менің көзіммен» халықаралық сурет салу байқауының ЕРЕЖЕСІ

 

  1. Байқаудың негізгі мақсаты

 

«Қазақстан – менің көзіммен» – шетелде тұратын этникалық қазақ балаларына арналған онлайн сурет салу байқауы.

Байқау қатысушылардың Қазақстан туралы көзқарасын, елге деген сүйіспеншілігін, тарихи-мәдени мұрасын, табиғатын, ұлттық құндылықтарын және болашаққа деген арман-тілектерін шығармашылық тұрғыдан бейнелеуге бағытталған.

Байқаудың негізгі мақсаттары:

- шетелдегі этникалық қазақ балалардың Қазақстанмен рухани байланысын нығайту;

- Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу;

- жас суретшілердің шығармашылық қабілеттерін дамыту;

- дарынды этникалық қазақ балаларын анықтау және қолдау көрсету;

- балалардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.

 

  1. Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі

          

  1. Байқауға шетелде тұратын 12–17 жас аралығындағы этникалық қазақ балалары қатыса алады (ұлты қызық шетел азаматы екенін растау үшін өз жұмысымен бірге төл құжатының көшірмесін жіберу міндетті);
  2. Байқауға ұсынылатын сурет «Қазақстан – менің көзіммен» тақырыбына сәйкес болуы тиіс.
  3. Қатысушы жұмысын жіберерде міндетті түрде төмендегі ақпараттармен қоса жіберу керек:

- Өзі туралы ақпарат (Толық аты-жөні, азаматтығы, оқитын мектебі мен сыныбы, байланыс нөмері);

- Өзін таныстыру, салған суретін түсіндіру мақсатында ұзақтығы 2 минуттан аспайтын бейнежазба;

-Суретті өзі салғанын растау үшін ұзақтығы 3 минуттан аспайтын сурет салу процессінен бейнежазба және байқау тақырыбынан бөлек басқа да бірнеше туындыларын қосып жіберу керек.

  1. Жұмыстар 2026 жыл 28 тамызға дейін oqbaiqau@gmail.com эл-поштасында қабылданады;

 

III. Шығармашылық жұмысқа қойылатын талаптар

 

  1. Байқауға қағазға салынған суреттердің электрондық нұсқасы қабылданады.
  2. Қатысушылар келесі құралдарды пайдалана алады:

o        қарындаш;

o        түрлі-түсті қарындаш;

o        фломастер;

o        акварель бояулары;

o        гуашь;

o        майлы бояулар;

o        пастель;

o        көмір;

o        маркер;

o        акрил бояулары;

o        гельді қаламдар және басқа да көркем сурет салу құралдары.

  1. Суреттер келесі тақырыптарды қамтуы мүмкін:

o        Қазақстанның табиғаты;

o        тарихи және мәдени ескерткіштер;

o        ұлттық салт-дәстүрлер;

o        қазақ халқының тұрмысы;

o        ұлттық мерекелер;

o        Қазақстанның көрікті жерлері;

o        болашақтағы Қазақстан туралы арман-тілектер.

  1. Бір қатысушы бірнеше жұмыс ұсына алады.
  2. Байқауға тек авторлық жұмыстар қабылданады.
  3. Жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген суреттер қабылданбайды.
  4. Қатысушы байқауға ұсынған жұмысын ұйымдастырушының ресми интернет-ресурстарында, әлеуметтік желілерінде және көрмелерде көрсетуге келісім береді.
  5. Жұмыстар JPEG, JPG, PNG немесе PDF форматында қабылданады.

 

 

  1. Бағалау критерийлері

 

  1. Тақырыпқа сәйкестік

Жұмыстың «Қазақстан – менің көзіммен» тақырыбын қаншалықты толық және мазмұнды ашқаны бағаланады.

  1. Шығармашылық көзқарас

Қатысушының идеясының ерекшелігі, қиялы мен шығармашылық шешімдері бағаланады.

  1. Көркемдік шеберлік

Сурет салу техникасы, композициясы, түстер үйлесімі, пропорция және жалпы орындау сапасы бағаланады.

  1. Ұлттық мазмұн

Қазақстанның мәдениеті, тарихы, табиғаты және ұлттық құндылықтарының көркем бейнелену деңгейі ескеріледі.

  1. Эмоционалдық әсер

Жұмыстың көрерменге әсері, автордың сезімі мен ойын жеткізу деңгейі бағаланады.

 

  1. Байқау мерзімі

Байқауға шығармашылық жұмыстар 2026 жылғы 17 маусымнан бастап

28 тамызға дейін қабылданады.

 

  1. Байқаудың жұмысын қорытындылау және қатысушыларды марапаттау

Байқау қорытындысы бойынша 10 жеңімпаз қазылар алқасының шешімімен анықталады.

Жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.

I орын – Ноутбук;

II орын – Планшет;

III орын – Смарт сағат.

Ынтыландыру сыйлықтары – «Бестемше» ойыны.

Үздік жұмыстар ұйымдастырушылардың ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады және онлайн көрмеге ұсынылады. Сонымен қатар, үздік деп танылған 10 қатысушы қажет болған жағдайда жұмысын өз қаражаты есебінен «Отандастар қоры» КеАҚ-на жіберу қажет

03 августа 2026
Comic Con Astana фестиваліне қандай әлемдік жұлдыздар келеді

Елордада 6-9 тамыз аралығында халықаралық Comic Con Astana фестивалі өтеді. Ауқымды іс-шараның хедлайнерлерінің бірі – британиялық әрі испандық актер Таз Скайлар, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Актерге әлемдік танымалдық Netflix платформасындағы One Piece сериалында Санджи рөлін сомдағаннан кейін келді.
Бұдан бөлек, Таз Скайлар режиссер Филип Барантинидің Boiling Point («Қайнау нүктесі») фильмі мен сериалында, Cleaner («Тазалаушы») экшн-триллерінде, The Kill Team («Өлім тобы») әскери драмасында және Agatha Raisin («Агата Рэйзин») детективтік-комедиялық сериалында ойнаған.

Скайлар актерлікпен қатар сценарист, режиссер және продюсер ретінде де еңбек етеді. Сонымен бірге экстремалды спорт түрлерімен белсенді айналысады.

Фестиваль аясында ол басты сахнада жанкүйерлерімен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап береді, сондай-ақ қолтаңба тарату және фотосессияларға қатысады.
Comic Con Astana 2026 аясында Қазақстанға халықаралық Silk Way Star телевизиялық вокал байқауында Оңтүстік Кореяның атынан өнер көрсеткен оңтүстіккореялық Kandis K-pop тобы да келеді.

Comic Con Astana – Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениетке арналған ең ірі фестиваль. Ол жыл сайын кино, сериал, аниме, комикс, бейнеойын және косплей жанкүйерлерін біріктіреді. Биыл фестиваль дәстүрлі түрде екі алаңда – Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында өтеді.

Бағдарламаның маңызды бөлігі саналатын халықаралық косплей байқауының жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды.

Comic Con Astana фестивалінің билеттері comicconastana.kz ресми сайтында сатылымда.

30 июля 2026
Қазақстан мен Грекия екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

Афина, 2026 жылғы 29 шілде – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекия Сыртқы істер министрлігінің Саяси мәселелер жөніндегі Бас директоры Андреас Фриганаспен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан-Грекия қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға және екі ел арасындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударды.

Биік және жоғары деңгейлердегі өзара сапарларды ұйымдастыру, Экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын өткізу, екіжақты шарттық-құқықтық базаны жетілдіру, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды.

Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу барысында халықаралық кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік-энергетикалық байланыстардың тұрақтылығы мәселелері де қозғалды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және Қазақстан мен Грекия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтуға ортақ мүдделілігін растады.

30 июня 2026
Афинада Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы талқыланды

Афина, 2026 жылғы 29 маусым – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин «Global Water Partnership Mediterranean» ұйымының Атқарушы хатшысы Вангелис Константианоспен кездесу өткізді.

Кездесу барысында су қауіпсіздігі, су ресурстарын орнықты басқару, климаттық орнықтылық, сондай-ақ Қазақстан, Грекия және Жерорта теңізі өңірі елдері арасындағы су саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстанның 2026 жылғы сәуірде Астанада өткен Орнықты даму жөніндегі өңірлік конференция барысында жарияланған бастамасына ерекше назар аударылды.

Елші аталған бастама қолданыстағы халықаралық су бағдарламаларын шоғырландыруға, су ресурстарын жаһандық басқарудағы бытыраңқылықты азайтуға, мемлекеттер, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы үйлестіруді нығайтуға, сондай-ақ климаттың өзгеруі, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік сын-қатерлерін ескере отырып, халықаралық күн тәртібіндегі су қауіпсіздігінің рөлін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Тараптар су ресурстарын интеграцияланған басқару, құрғақшылыққа бейімделу, ауыл шаруашылығында суды орнықты пайдалану және өңірлік су ынтымақтастығы саласында елеулі тәжірибесі бар Грекиямен және Жерорта теңізі елдерімен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында Қазақстан бастамасын Грекияның сарапшылық ортасында ілгерілету мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасып, су қауіпсіздігі және су ресурстарын орнықты басқару саласындағы өзара іс-қимылды дамыту бойынша практикалық қадамдар белгіленді.

Социальные сети
Facebook
Twitter
Twitter
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары