Қазақстанның Грекиядағы Елшісі TEMES Group компаниямен Қазақстанның экотуризмін дамытуға инвестиция салу мүмкіндігін талқылады

Қазақстанның Грекиядағы Елшісі TEMES Group компаниямен Қазақстанның экотуризмін дамытуға инвестиция салу мүмкіндігін талқылады

Афина, 2025 жылғы 14 наурыз - Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин TEMES Group компаниясының коммерциялық директоры Э.Тасуласпен кездесіп, компанияны экотуризм мен қонақүй бизнесі саласындағы жобаларды Қазақстан нарығында жүзеге асыруға тарту мүмкіндіктерін талқылады. Туризм және жылжымайтын мүлік саласындағы Грекияның ірі инвесторлары мен девелоперлерінің бірі болып саналатын TEMES Group ірі ауқымды жобаларды, соның ішінде қонақүй кешендерін құру мен тарихи нысандарды жаңғырту жұмыстарын іске асыруда мол тәжірибеге ие.

Келіссөздер барысында Грекияның озық тәжірибесін Қазақстанда қолданудың әлеуетті мүмкіндіктеріне, атап айтқанда, Жөкей, Кендірлі және Түрген сияқты экологиялық жағынан тартымды өңірлерге ерекше назар аударылды. Қазақстанның Елшісі ел экономикасының жоғары инвестициялық әлеуетке ие екенін және инвесторларға айтарлықтай жеңілдіктер ұсынылатынын атап өтті, бұл Қазақстанды ірі халықаралық жобаларға, соның ішінде туризм саласына, қолайлы бағыт етеді.

Елші Қазақстандағы туристік сектор мен авиациялық қатынастардың қарқынды дамып жатқанын, бұл шетелдік инвестицияларды тартуға қолайлы жағдай туғызатынын тілге тиек етті. Ол курорттық және табиғи аймақтарды дамыту саласында, экологиялық тұрақтылық пен инфрақұрылымды жетілдіруге басымдық бере отырып, TEMES Group-пен ынтымақтастық Қазақстан мен Грекия арасындағы байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.

«TEMES Group-тың қонақүйлік жылжымайтын мүлікті және халықаралық логистиканы орнықты дамытудағы тәжірибесі Қазақстандағы туризмге, әсіресе экотуризм саласына, едәуір үлес қосатынына сенімдіміз. Бұл біздің ұлттық басымдықтарымызға толық сәйкес келеді», — деп атап өтті Елші.