Грекия депутаттары Қазақстанға баруға ниет білдіруде

Грекия депутаттары Қазақстанға баруға ниет білдіруде

Афина, 2024 жылғы 23 шілде – ҚР-дың Грекиядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев биліктегі «Жаңа демократия» партиясынан Грек Республикасы Парламентінің депутаты, Қазақстанмен парламенттік достық тобы Төрағасының орынбасары Спиридон Кириакиспен кездесу өткізді.

Тараптар халықаралық және өңірлік мәселелер, соның ішінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестікті дамыту аясында ағымдағы жылдың 6-9 маусымында өткен Еуропарламент сайлауының қорытындылары бойынша пікір алмасты.

Сондай-ақ кездесу барысында Қазақстан-Грекия өзара қатынасы,  оның ішінде парламентаралық ынтымақтастық мәселелерін нығайту қадамдары талқыланды. Экономика, туризм және білім салаларындағы екіжақты қарым-қатынасқа ерекше назар аударылды.

Е.Баударбек-Қожатаев екіжақты өзара іс-қимылдың маңызды тетігі болып табылатын екі елдің Парламенттік достық топтары арасындағы байланыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Осы тұрғыда С.Кириакис Грек Республикасы Парламенті делегациясының жақын арада Астанаға сапармен баруға дайын екендігін мәлімдеді. Грекия депутаты Қазақстандағы ұлтаралық және конфессияаралық келісім үлгісін жоғары бағалап, еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы көпір рөлін атқаратынын айтты.

Кездесу қорытындылары бойынша Қазақстан мен Грекия арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық күн тәртібінің барлық спектрі бойынша өзара байланыстарды жалғастыру қажеттілігі бойынша уағдаласылды.