Тараз Олимпиада ойындарының Отаны - Ежелгі Олимпиямен бауырлас қала болды

Тараз Олимпиада ойындарының Отаны - Ежелгі Олимпиямен бауырлас қала болды

Грекия, 2023 жылғы 4 қараша –Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков және Ежелгі Олимпия қаласының мэрі Георгиос Георгиопулус екі қала арасында бауырластық қатынастар орнату туралы хаттамаға қол қойды.

Бауырластық актісіне ежелгі уақытта Олимпиада ойындарының ережелері жазылған Ифита дискі сақталатын, ал қазіргі уақытта әр 2 жыл сайын Олимпиада алауын тұтату салтанаты өтетін Гера ғибадатханасының алдында грек халқы үшін қасиетті жерде қол қойылды.

Париж-2024 Олимпиадасына арналған келесі Олимпиада алау эстафетасы Ежелгі Олимпияда 2024 жылғы 16 сәуірде басталып, оған Франция Президенті Эммануэль Макрон мен Халықаралық Олимпиада Комитетінің Президенті Томас Бах қатысады деп күтілуде.

Әкім Б.Орынбеков жаңа серіктес қаламен ынтымақтастық орнату екі қаланың өзара дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында мәдениет, спорт, туризм, ғылым және білім беру саласында тәжірибе алмасуды жандандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өз кезегінде, Мэр Г.Георгиопулус Ежелгі Олимпия тарихы 2000 жылға созылатын және Шығыс пен Батыстың халықтары мен мәдениеттерінің түйісетін жері болып табылатын Таразбен достық пен бауырластық қатынастар орнатуға қуанышты екенін айты.

Илия грек өңірінің бизнес-қоғамдастығының өкілдерімен өткен кездесу барысында екі елдің өңірлері мен іскер топтары арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және қатынастарды дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Ежелгі Олимпия ЮНЕСКО бүкіләлемдік мұра нысандарымен ғана емес, сонымен қатар Халықаралық Олимпиада Комитетінің негізгі білім беру және мәдени мекемесі болып табылатын Халықаралық Олимпиада Академиясының оның аумағында орналасуымен танымал болып табылады.

Тараз мен Ежелгі Олимпия арасындағы бауырластық қатынастарды орнатуға өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында ҚР-ның Грекиядағы Елшілігі мен Қазақстан-Грекия Іскерлік Кеңесі бастамашылық жасады. Салтанатты рәсімге ҚР Грекиядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев, Қазақстан-Грекия Іскерлік Кеңесінің Тең төрағалары Жақсыбек Күлекеев және Томас Ламнидис, Халықаралық Олимпиада Академиясының Президенті Исидорос Кувелос және ҚР Криттегі Құрметті консулы Спиридон Занниас қатысты.

Анықтама: Ежелгі замандағы ең танымал спорттық жарыстар болып табылатын Олимпиада ойындары біздің дәуірге дейінгі 776 жылдан біздің дәуірге дейінгі 393 жылға дейін Олимпияда өткізілді. Қазіргі уақытта қала бүкіл әлемнен жылына 600 мыңға жуық турист қабылдайтын халықаралық туризмнің көрнекті орындарының бірі болып табылады.