ҚАЗАҚСТАН ГРЕКИЯНЫҢ ЕКІНШІ ЕҢ ІРІ МҰНАЙ ЖЕТКІЗУШІСІНЕ АЙНАЛДЫ

ҚАЗАҚСТАН ГРЕКИЯНЫҢ ЕКІНШІ ЕҢ ІРІ МҰНАЙ ЖЕТКІЗУШІСІНЕ АЙНАЛДЫ

Ағымдағы жылғы 18 қазанда Афинада Қазақстан Республикасының Грекиядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев пен Грекияның Жоспарлау және экономикалық зерттеулер орталығының (бұдан әрі – КЕПЕ) төрағасы Панаиотис Лиарговас екіжақты сауданың қазіргі ахуалын және екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық тетіктерін жүзеге асыруды жетілдіру мәселелерін талқылады.
Грекияның Экономика және қаржы министрлігінің жанындағы КЕПЕ сыртқы және ішкі экономикалық саясат мәселелері бойынша Үкіметке кеңес беретін ең ірі және көне «талдау орталығы» болып табылады.


П.Лиарговос Қазақстан мен Грекия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың ұзақ мерзімді және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған тәжірибелік зерттеулер жүргізу мақсатында қазақстандық экономикалық институттармен өзара іс-қимылды күшейту ниетін білдірді. Тараптар еуропалық энергетикалық нарықты қайта құрылымдау нәтижесінде Қазақстанның 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 24-пайыздық үлеспен Грекияға екінші ірі мұнай жеткізуші болғанын ескере отырып, энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды.


Елші Е.Баударбек-Қожатаев сұхбаттасушыны Қазақстанның жаңа экономикалық саясатымен және Еуропалық Одақпен энергетика, көлік және тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықтың барысымен таныстырды. KEПE елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Еуропалық комиссиямен жұмыс жасайтын ұлттық өнімділік органы болып табылады.
Сонымен қатар, тараптар индустриялық және аймақтық экономикалық өзара іс-қимылға баса назар аудара отырып, Қазақстан мен Грекия арасындағы екіжақты сауданы әртараптандыру шаралары бойынша да пікір алмасты.