
Ағымдағы жылғы 19 қыркүйекте Афинада ҚР Грекиядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Грекия Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Георгиос Коцираспен кездесу өткізіп, тараптар екі елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы пікір алмасты.
Елші сұхбаттасты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауының негізгі баптарымен таныстырып, басым міндеттерді шешу мақсатында 4 жаңа министрлік құрылғаны туралы хабардар етті.
Министрдің орынбасары Г.Котсирас Экстраверсия стратегиясы шеңберінде Афина, Астана сияқты, индустрияландыруға, цифрландыруға және ұлттық экономиканы жасыл энергетикасына көшіруге бағытталған кешенді жоспарды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Ол Жолдауда климаттың өзгеруінің өзектілігі атап өтілгеніне назар аударып, қазіргі уақытта Грекия ауқымды орман өрттері мен су тасқынының әлеуметтік-экономикалық салдарын бастан кешіріп жатқанын айтты.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «The Jerusalem Post» израильдік басылымындағы «Діни көшбасшылар бүкіл әлемде бейбітшілік орнатуға ықпал ете алады» деген мақаласы грек дипломатының қызығушылығын тудырды.
Ол Грекия геосаяси турбуленттілік жағдайында өркениетаралық диалог пен сенімді нығайтуға Қазақстанның көзқарастарын бөлісетінін айтып, Афина Батыс Балқан мен Шығыс Жерорта теңізі аймағында тұрақтылық пен ынтымақтастықтың тірегі болуға ұмтылатынын атап өтті.
Г.Котсирас түрлі мәдениеттер мен діни қауымдастықтар өкілдері арасындағы өзара түсіністікті нығайту жөніндегі қазақстандық шараларды жоғары бағалап, Қазақстандағы 10 мыңдық грек қауымдастығы мен Грекияға оралған 100 мыңға жуық этникалық гректер екі ел арасындағы «алтын көпір» қызметін атқарып, халықтар арасындағы өзара қарым-қатынастардың дамуына зор үлес қосып отырғанын атап өтті.