
26-27 сәуірде қазақстандықтардың назары «Әділ Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты күн тәртібімен өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының кезекті отырысында болды. Қазақстан сияқты көпұлтты елдің басым саяси бағыттарының бірі – тұрақсыздық пен өсіп келе жатқан геосаяси шиеленіс дәуірінде этносаралық келісімнің тиімді моделін сақтау болып табылады.
Ассамблея этносаралық өзара түсіністікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ассамблея өкілдері ҚР Парламенті Сенаты қабырғасында заң жобаларын қабылдауға белсенді ат салысады.
Ассамблея отырысына қатысқан Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін әрбір қазақстандық үшін ұлттың ілгерілеуіне және берік азаматтық идеясының тамырлануына жағдай жасайтын шынайы демократия рөлінің маңыздылығынан бастады. Қазақстан қоғамы – ол ортақ мұраттар мен құндылықтармен біріктірілген еркін және жауапты азаматтардың одағы екенін ерекше атап өтті Президент.
Жібек жолы кезеңінен бастау алып, Кеңес Үкіметі кезеңінде одан сайын күшейген көші-қон ағыны нәтижесінде бүгінгі Қазақстан 100-ден астам этнос өкілдерінің ортақ үйіне айналды, Ең қилы кезеңдерде қазақтар түпкір-түпкірден келген барлық үлттар мен ұлыс өкілдеріне пана болып, соңғы жапырақ нанымен бөлісіп, аман алып қалды.
Бүгінгі таңда Қазақстан бабалар даналығының арқасында құрылып, көздің қарашығындай әлі сақталып келген толеранттылықтың, тұрақтылықтың және бейбітшіліктің бірегей үлгісімен мақтанады. Президент «азаматтық бірлікті, жалпыұлттық бірегейлікті және этноәлеуметтік тұтастықты нығайтусыз стратегиялық міндеттердің ешқайсысын орындау мүмкін емес», – деп атап өтті.
Азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған бұрын соңды болмаған қайта құру кезеңдерінен өтіп жатқан Қазақстан үшін «радикализмнің, экстремизмнің және сепаратизмнің кез келген көріністеріне төтеп бере алатын белсенді және жауапты азаматтар қажет», – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің азаматтық интеграция құралы ретіндегі рөліне баса назар аударып, оны игеруге деген ұмтылыс «күнделікті нормаға айналуы тиіс» деп қорытындылады.