
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығын мерекелеу аясында Грекияның астанасы Афинада Қазақстанның туын көтеру рәсімі ұйымдастырылды.
Іс-шараға Грекия Республикасының Сыртқы істер министрі Никос Дендиас, Аттика өңірінің Губернаторы Георгиос Патулис, Грекия Парламентінің депутаттары, астаналық муниципалитеттердің мэрлері, сондай-ақ іскерлік және академиялық топтардың өкілдері қатысты.
Грекияның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Никос Дендиас өз сөзінде қазақстандықтарды тәуелсіздіктің мерейтойымен құттықтап, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуындағы оң динамиканы атап өтті. Министрдің айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында өңірдегі бейбітшілік, тұрақтылық пен гүлденудің орталығына айналды. Министр Дендиас сондай-ақ Қазақстан мен Грекияның негізгі халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ортақ көзқараста екендігін қанағаттана отырып астын сызып айтты. Сонымен қатар, грек дипломаты халық дипломатиясының маңыздылығына ерекше назар аударып, Қазақстандағы он мыңдық грек диаспорасы мен Қазақстаннан тарихи отанына оралған сексен мыңға жуық этникалық гректердің екіжақты қарым-қатынастарды дамытудағы маңызды біріктіруші фактор болып табылатынын мәлім етті.
Өз кезегінде Қазақстан Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Сыртқы істер министрі Н.Дендиастың салтанатты рәсімге қатысуын Грекия басшылығының Қазақстанмен кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендігін көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар, Елші келесі жылы Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанының отыз жылдығы аясында бірқатар қоғамдық және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бойынша бірлескен жоспарлары туралы хабардар етті.
Аттика аймағының губернаторы Георгиос Патулис екі мемлекет арасындағы екіжақты өзара іс-қимылды дамытудың үлкен әлеуетінің бар екенін ескеріп, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға өзінің бейілділігін атап өтті. Г.Патулис елімізді Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтап, барлық қазақстандықтарға бейбітшілік пен амандық тіледі.
Салтанатты іс-шара аясында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» тақырыбындағы дөңгелек үстел де өтті. Бұл жиында Ахарнес астаналық муниципалитетінің мэрі Спиридон Вреттос, Шымкент қаласының тумасы, Грекия Парламентінің депутаты және грек заң шығарушыларының ішіндегі ең жас әйел адам Мария Апатзиди, Қазақстанның Грекиядағы құрметті консулдары Иоаннис Малокояннис және Спиридон Занниас, сондай-ақ басқа қонақтар спикерлер ретінде сөз сөйледі.
Шара барысында ұлттық аспаптармен музыкалық қойылым да ұйымдастырылды. Қонақтарды атақты грек биі сиртакидің домбырамен орындалуын қоса алғанда, қазақ күйлерінің сазды попурриі ерекше қызықтырды.