
Афина, 2021 ж. 19 мамыр – Афинада екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы Қазақстан мен Грекия арасындағы алғашқы саяси консультациялар өтті.
Олардың басталуына дейін Еуропа департаментінің директоры Тимур Сұлтанғожин бастаған Қазақстан Сыртқы істер министрлігі делегациясы Грекия СІМ Бас хатшысы Темистоклис Демирис қабылдады.
Консультациялар барысында қабылдаушы тарапқа Грекия СІМ Ресей, Украина, Беларусь, Кавказ, Қара теңіз және Орталық Азия елдері бойынша А5 департаментінің директоры Хара Сколарику жетекшілік етті.
Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегі, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ елдердің Covid-19 пандемиясының теріс салдарын еңсеру бойынша қабылдап жатқан шаралары қарастырылды.
Грек тарапы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар туралы ақпаратты қызығушылықпен қабылдады. Тараптар Грекия мен Қазақстанның географиялық орналасуы Еуропа мен Азия арасындағы жүктерді трансконтиненталдық жеткізуді дамыту үшін жақсы мүмкіндіктер ашатынына келісті.
Тараптар ең жоғарғы және жоғарғы деңгейдегі байланыстарды жандандыруға ерекше назар аударды. Екі елдің үкіметаралық, парламентаралық және іскерлік байланыстарын ілгерілетуге уағдаласты, сондай-ақ түрлі салаларда жаңа екіжақты құжаттарды жасасу жөніндегі бірлескен жоспарларды талқылады.
Консультацияларға қатысушылар екіжақты сауда-экономикалық байланыстардың үдемелі дамуын атап өтті. Пандемияға қарамастан өзара сауданың тұрақты көрсеткіштері оң нәтиже беріп жатқандығын атап өтті. 2020 жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл тұрғыда экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақ-грек үкіметаралық комиссиясы қызметінің маңыздылығы белгіленді. Сондай-ақ грек тарапы еліміздегі инвестициялық ахуал туралы презентациямен танысты.
Консультациялар барысында консулдық мәселелер, оның ішінде азаматтардың қызметтік сапарларына қатысты визалық рәсімдерді жеңілдету мәселелерін талқылау орын алды. Екі елді байланыстыратын Қазақстандағы грек диаспорасының маңызды рөлі атап өтілді.
Делегациялар БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қазақстандық және грек астаналарында тұрақты түрде саяси консультациялар өткізуге келісті.