
2020 жылғы 8 желтоқсанда Қазақстанның Грекиядағы Елшілігінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Евстафий Пехлеванидиді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау рәсімі өтті.
«Пеха» немесе «Грек» лақап аты бар аты аңызға айналған голеодор Қазақстан футболын танымал етуге және дамытуға ерекше үлес қосты. Оның есімі барлық шынайы футбол сүйер қауымға, әсіресе, КСРО Жоғары футбол қауымдастығының мүшесі болған, Қазақстан футболының 1950-1980 жылдардағы флагманы «Қайрат» клубының жанкүйерлері үшін есте қаларлық және сүйікті.
Е. Пехлеваниди Кеңес Одағы футболының Жоғарғы лигасы матчтарының тарихында ең жылдам соғылған голдың авторы ретінде рекордқа ие. 1986 жылғы 3 қыркүйекте шабуылшы сол кездегі КСРО чемпионы – Киевтік «Динамо» қақпасына матч басталғалы не бары 10 секунд ішінде гол соққан болатын.
«Пеха» әсем әрі эталондық жеке техникасы мен тамаша орындаған алыстан соққыларын және оны сол кездегі чемпионаттардың ең көрнекті тұлғаларының біріне айналдырған керемет бомбардир-мергендік қасиеттерді бойға сыйғызған.
Е. Пехлеванидидің спортқа сіңірген еңбегі көпшілікке белгілі, алайда оның ең маңызды қасиеті – «Қайрат» клубына берілгендігі болып табылады. Даңқ шыңында футболшыны «Динамо», «ЦСКА», «Спартак» сияқты көптеген атақты және беделді клубтар шақырған, бірақ ол қазақстандық «Қайратқа» адал бола отырып, сол ұсыныстардан біржолата бас тартқан.
«Иә. Мен үшін Қазақстаннан артық орын жоқ екенін әрдайым айтып келемін. Қандай командамыз болған еді! Бізбен матчтарға келуге клубтар қорыққан болатын. Өз алаңымыз «Центральныйдағы» жекпе-жектерде барлық қарсыластарды жойдық. Ал бізге қарсы сондай күшті командалар шыққан еді!», - деп «Қайрат» ардагері өз естеліктерімен бөлісті.
Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Алексей Волков орденді табыстай отырып, Ел басшылығы Е. Пехлеванидидің қазақстандық спортты насихаттауға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті. «Грекияда тұрып, Сіз Қазақстанның спорттық жетістіктерін көпшілікке таратудасыз, футбол федерациясының іс-шараларына, Елшіліктің мәдени-бұқаралық қызметіне белсене қатысасыз. Еңбегіңіз «Қайраттың» футбол академиясының ашылуымен атап өтілді. Сіз клубтың әр ойыны туралы хабардар болып, кеңес беріп, жастармен өз тәжірибеңізбен бөлісесіз», - деп түйіндеді А.Волков.