
Афинадағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен, 2020 жылдың 24-28 қарашасында «Оператор ӨКМ» ЖШС делегациясы, Семей және Өскемен қалалары әкімдіктерінің өкілдері Грек Республикасында іс-сапарымен болды. Қазақстандық делегацияны «Оператор ӨКМ» ЖШС Басқарма төрағасы М.Құмарғалиев басқарды.
Делегация сапары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Маминнің 2025 жылға дейін Қазақстанда қалдықтарды өңдейтін 6 зауыт салу туралы тапсырмасы аясында өтті.
Қазақстандық делегация және Елшілік өкілдері «SABO S.A.» грек компаниясының Басқарушы директоры және иесі Димитрис Килиариспен келіссөздер жүргізді.
Сапар барысында делегация мүшелері Афина және Халкида қалаларында ораналасқан қоқысты қайта өңдейтін екі зауытта болды, сонымен қатар «SABO» компаниясының өндірістік алаңдарын аралап көрді және компанияның кәсіпорындарында шығарылатын жабдықтардың түрлерімен танысты. Іс-шараны ұйымдастыру кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етуге арналған барлық өзекті кеңестер мен ережелер қолданылды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар Семей, Өскемен және Ақтөбе қалаларындағы қалдықтарды қайта өңдеу зауыттары үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын және өңдейтін автоматтандырылған желілерді сатып алу туралы алдын-ала келісімге келді. Үш қалада қалдықтарды сұрыптайтын үш заманауи желіні (өндірістік қуаттылығы жылына 260 мың тонна қатты қалдықтарды) сатып алу және орнату 2021 жылдың қыркүйек айына дейін жоспарланған.
Осы аймақтардағы қалдықтарды қайта өңдеу өнеркәсібін материалдық-техникалық қайта жарақтандыруды Шығыс Қазақстан және Ақтөбе әкімдіктерімен жол картасы шеңберінде «Оператор ӨКМ» жүзеге асырады. Компания қазірдің өзінде Шығыс Қазақстаннан қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған 2 324 контейнер және қайта өңделетін материалдарды шығаруға арналған 12 бірлік арнайы техника сатып алды. Ақтөбе қаласы үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған 1 443 контейнер және 6 бірлік арнайы техника сатып алынады.
«SABO S.A.» грек компаниясы 1984 жылы құрылған және әлемнің 50-ден астам елдерінде жұмыс істейді. Компания «SABO GROUP» құрамына кіреді, оның штаб-пәтері Халкида қаласында (Грекия) және Бразилия, Румыния мен Италияда филиалдары бар. SABO - ауыр саз өнеркәсібі үшін кілтке дайын шешімдерді, өңдеу және орау үшін автоматтандырылған және роботтандырылған жүйелерді, сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтар үшін арнайы жабдық пен кешенді шешімдерді ұсынуға мамандандырылған әлемдегі жетекші компаниялардың бірі.
Компанияның Көкшетау және Қапшағай қалаларында кірпіш зауыттарын жаңарту бойынша Қазақстанда сәтті жүзеге асырылған жобаларының тәжірибесі бар.