Тумасы Қазақстан – грек депутаты Қазақстан мен Грекия қарым-қатынастарын дамыту туралы бастамаларды қолдады

Тумасы Қазақстан – грек депутаты Қазақстан мен Грекия қарым-қатынастарын дамыту туралы бастамаларды қолдады

2020 жылғы 27 қарашада Афинада Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Алексей Волков Шымкент қаласында дүниеге келген және грек Парламенті депутаттарының арасында ең жас парламентші Мария Апатзидимен кездесті.

Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Грекия арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Қазақстан Елшісі грек депутатын республикамызда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси реформалармен, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың «Нұр-Отан» партиясының съезі кезінде жариялаған бастамаларымен, сондай-ақ 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Қазақстан Парламенті Мәжілісіне кезекті сайлаудың алдындағы науқан барысымен және оның ерекшеліктерімен таныстырды.

Өз кезегінде М. Апатзиди екі елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануынан кейінгі Қазақстан мен Грекия арасындағы ынтымақтастықты, оның ішінде парламентаралық диалог арқылы жандандыру шараларын жақтады. Грек депутаты Қазақстанның тумасы бола отырып, өткен ғасырдың соңында тарихи отанына оралған этникалық гректердің арасында Қазақстанға және елде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени үдерістерге қызығушылықтың артып жатқанын атай отырып, этникалық туризмді дамытудың жоғары әлеуеттілігінің бар екендігіне назар аударды.

Сонымен қатар, грек депутаты Қазақстан мен Грекия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөніндегі бастамаларды қолдауға өзінің ынталы екендігін білдірді. Осыған растау ретінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ГР Туризм министрлігі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумды Грекия Парламентінің пленарлық отырысында мақұлдау барысында өзі мүшесі болып табылатын «MeRA-25» партиясының толық қолдау білдіргенін келтірді.

Кездесу соңында тараптар байланыстарды сақтауға уағдаласып, кең ауқымды мәселелер бойынша қазақстан-грек қатынастарын одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен жұмыстардың перспективаларын белгіледі.