
Бас консул Қанат Хасенов университет басшылығымен кездесулер өткізіп, университеттің заманауи инфрақұрылымымен, ғылыми-білім беру базасымен және АГТУ тарих мұражайының экспозициясымен танысты.
Ректор А. Неваленныймен кездесу барысында Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарымен ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі тереңдету мәселелері талқыланды. Қазақстан мен АГТУ көптеген жылдар бойы ынтымақтасып келе жатқаны атап өтілді. Атап айтқанда, бірлескен зерттеулер, конференциялар мен форумдар өткізіледі, сондай-ақ қос диплом, академиялық ұтқырлық бағдарламалары және халықаралық деңгейдегі түрлі жобалар іске асырылады.
Кездесу барысында ғылыми-білім беру саласының түрлі бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейтуге белсенді жәрдемдесуге өзара қызығушылық пен дайындық білдірілді.
Бас консул сондай-ақ АГТУ-дың қазақ тілі факультативіне барып, студенттер мен оқытушылардың қатысуымен Ашық қазақ тілі сабағына қатысты, сондай-ақ Қазақстаннан келген АГТУ студенттерімен сөйлесті. Факультатив студенттері қазақ халқының салт-дәстүрлеріннен қойылым көрсетті. Наурыз мерекесі қарсаңында студенттер қонақтарды қарсы алу дәстүрлерін көрсетті және "Көрісу күні – Амал мерекесімен" құттықтап, сондай-ақ "Бесікке салу" рәсімін көрсетті.
Студенттермен әңгімелесу барысында қазақстандық дипломат сапалы білім алудың маңыздылығын атап өтіп, студенттерді оқу үдерісі барысында білімдерін тереңдетуге және кәсіби дағдыларын дамытуға шақырды. Сондай-ақ, студенттерге Бас консулдықтың қызметі, консулдық есепке қою қажеттілігі және Ресей Федерациясының заңнамасын міндетті түрде сақтау туралы ақпарат берілді. Кездесу диалог форматында өтті, оның барысында қазақстандық студенттерді толғандыратын басқа да мәселелер талқыланды.