
2025 жылғы 26 ақпанда Бас консул Қанат Хасенов В. Н. Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университетінде болып, оқу орнының ректорымен және қазақстандық студенттермен кездесулер өткізді.
Астрахан мемлекеттік университетінің ректоры Игорь Алексеевпен кездесу барысында екі елдің жоғары оқу орындары арасында ғылыми-білім беру, академиялық және гуманитарлық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін кәсіби қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламасын іске қосу талқыланды, бұл елдер арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға және мамандар үшін жаңа перспективалар ашуға көмектеседі. Сондай-ақ, университетте бейіндік сыныптар шеңберінде жүзеге асырылатын оқушыларды ерте кәсіптік бағдарлау жобасына назар аударылды.
Бас консул сонымен қатар озық жабдықтармен жабдықталған университеттің заманауи зертханалары мен инфрақұрылымымен танысты. Ғылыми зертханалардың қызметкерлері материалдық-техникалық қамтамасыз ету, бөлімшелердің жоспарлары мен жетістіктері, олардың білім берудегі маңыздылығы туралы айтып берді.
Сонымен қатар, Бас консулдың университетте оқитын студенттермен, Қазақстан азаматтарымен кездесуі өтті. Кездесу барысында қазақстандық дипломат сапалы білім берудің маңыздылығын атап өтіп, студенттерді оқу үдерісі барысында білімдерін тереңдетуге және кәсіби дағдыларын дамытуға шақырды. Сондай-ақ, Қ.Хасенов студенттерді Бас консулдықтың қызметі туралы, сонымен қатар қазақстандық студенттерің консулдық есепке тұру қажеттілігі және Ресей Федерациясының заңнамасын міндетті түрде сақтау туралы хабардар етті. Кездесу диалог форматында өтті, оның барысында қазақстандық студенттерді толғандыратын мәселелер, сондай-ақ елде жүргізіліп жатқан реформалар талқыланды.