
Екі елдің шекара маңы ынтымақтастығының таяудағы жоспарларын талқылау шеңберінде Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы Бас консулы Қанат Хасеновтың Астрахан облысының Сыртқы байланыстар министрі Владимир Головковпен кездесуі өтті.
Өзара сұхбат барысында шекара маңындағы өңірлік сауданы дамытуға ерекше көңіл бөлінді. 2024 жылы Астрахан облысынан экспортқа жіберілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жартысы Қазақстанға жіберілген. Бұл 10 мың тоннадан астам картоп, 3 мың тоннаға жуық көкөніс, 1,7 мың тонна балық өнімдері. Тиісінше, Астрахан облысында қазақстандық азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп тауарлары да үлкен сұранысқа ие.
Алдағы іс-шаралар арасында Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің Астрахандағы мамандандырылған көрме-конференцияға қатысуы, Атырау облысы делегациясының үстіміздегі жылдың көктемінде шекаралас Астрахан облысына жоспарланған сапары талқыланды. Бұдан басқа, Астрахан облысының Атырау және Маңғыстау облыстарымен ынтымақтастық бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ көлік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері қозғалды.