
Володар ауданының Алтынжар ауылында орналасқан Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталыққа Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы Бас консулы Қанат Хасенов бастаған дипломатиялық мекеменің өкілдері барды.
Қазақстандық дипломаттар атақты қазақ музыканты және композитор Құрманғазы Сағырбаевтың жерленген кесенесінде болып, күйшінің рухына тағзым етті.
Орталық директоры Амангелді Әбілғазиев қонақтарға мекеменің мәдени және туристік миссиясы туралы баяндап, мұражайдағы қазақтардың тұрмыстық заттарын, киімдерін, музыкалық аспаптарын көрсете отырып, ұлы қазақ домбырашысының шығармашылық жолы туралы экспозициямен таныстырды.
Өз кезегінде Бас консул өңірлік мәдени орталықтың қызметкерлеріне қазақ мәдениеті мен құндылықтарын сақтап, өнегелі еңбектері үшін алғысын білдіріп, оларға табыс тіледі.