"Абай" операсы Мәскеу сахнасында

"Абай" операсы Мәскеу сахнасында

"Астана Опера" Мәскеудің Үлкен театрында "Абай" операсын сахналады. Көрсетілім ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қолдауымен "Музыканы көру" IX халықаралық музыкалық театрлар фестивалі аясында өтті.

Биыл Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің осы монументалды музыкалық шығармасының қойылымына 80 жыл толады. 2015 жылы "Абай" операсы "Астана Опера" сахнасында жаңа қойылымда ұсынылды. Осыдан кейін ол әлемнің жетекші сахналарын бағындырып, қазақстандық музыкалық өнерді паш етті. 2018 жылы осы ерекше қойылым үшін "Астана Опера" театры ҚР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.

Қоюшы-дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ахмет Жұбановтың шөбересі – Алан Бөрібаев. Онымен бірге туындыны көрерменге ұсыну үшін итальяндық режиссер Джанкарло дель Монако режиссер-кеңесші Есмұхан Обаевпен бірге, бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Даутов, сондай-ақ көрнекті сценограф Эцио Фриджерио және костюмдер бойынша суретші, "Оскар" сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино сынды танымал тұлғалар бірігіп қызмет етті.

Осылайша, "Абай" операсы қазақ халқының бай дәстүрлерін, еуропалық режиссураны, әртістердің виртуоздық ойыны мен тамаша вокалын біріктірді. Бас партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев, Мейір Байнеш және Салтанат Ахметова орындады.

Шығармашылық топ бастапқы ойды ерекше жеткізе білді, қызықты туындыны дүниеге әкелді. Қойылымдағы костюмдердің өзі дәуірдің әсерлі атмосферасын сезіндіре алды.

"Астана Опера" театрының дирижері Элмар Бөрібаев атап өткендей, "Абай" операсы әрқашан өзекті болады, өйткені оның негізінде әлемге деген консервативті және либералды көзқарастар күресінің мәңгілік тақырыбы жатыр. "Спектакль қазақ эпосының, мәдениетінің сұлулығын көрсетеді. Бұл кез-келген көрерменге әуен тұрғысынан да, режиссура тұрғысынан да қызықты", – деп атап өтті ол.

"Абай" операсының бұл нұсқасы алғаш рет ұсынылып отырған Мәскеу көрермендері қойылымды қуана қарсы алып, қызығушылықпен тамашалады. Кәсіби сыншылардан да, қарапайым көрермендерден де жоғары баға берілді.

Өнертану ғылымдарының докторы, профессор, театр режиссері және педагог Николай Кузнецов осындай керемет сый үшін ризашылығын білдірді. "Бұл шынымен әсерлі опера, таңғажайып музыка. Тілдік кедергі маңызды емес. Біз қазақ операсын өзімізге жақын дүние ретінде қабылдаймыз. Әртістердің сахнада көрсеткен өнерлеріне тәнті болдым. Болашақта Қазақстан бізді жаңа музыкалық қойылымдармен тағы да қуантатынына сенімдімін", – деді профессор.

Мәскеуде жарты ғасырдан бері тұратын отандасымыз Ермеш Гордеева да өз эмоциясымен бөлісті. "Бүгін мен үшін ерекше сәт. Мен бұл спектакльді ұзақ күттім. Абай өлеңдерінің тереңдігі қатты әсер қалдырды, мен тіпті көзіме жас алдым, өте бақытты болдым. Қазақтың бірегейлігін көрсету мақсатында бүгін ұлттық киіммен келдім және қазақ мәдениетіне баулу үшін балаларымды да бірге алып келдім", – деді ол.