Мәскеу кәсіпкерлері Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Мәскеу кәсіпкерлері Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Мәскеу қаласының Ахуалдық орталығында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаевтың Ресей астанасының іскер топтарымен кездесуі өтті.

Олардың ішінде – IT-технологиялар, өнеркәсіптік жабдықтар, медициналық техника, азық-түлік өнімдерінің өндірісі және т.б. салаларындағы компаниялардың басшылары мен өкілдері.

Іс-шараны ашқан «Мәскеу экспорттық орталығы» АКҰ Бас директоры Виталий Степанов Қазақстан-Ресей өзара саудасының үштен бірі Мәскеуге тиесілі екенін еске салды. Осы ретте, дайын өнім және қайта бөлудің жоғары деңгейдегі тауарлары айтарлықтай көлемді құрайды.

Өз кезегінде, Елші Қазақстан мен Ресейдің серіктестігі қарқынды, мазмұнды дамып келе жатқанын және үнемі сенім мен өзара сыйластыққа негізделетінін атап өтті. Ол мәскеулік кәсіпкерлерді белсенді өзара әрекеттесуге шақырды және олардың бастамаларын жан-жақты қолдауға дайын екенін білдірді.

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы туралы «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының жобалық менеджері Ерсұлтан Жаңабаев айтып берді. Ол инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер берілетінін еске салды. Атап айтқанда, 50 млн. АҚШ доллардан астам жобалар үшін 25 жыл ішінде заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беретін келісім көзделген. Сондай-ақ, Қазақстанда әлеуметтік салықтардан басқа барлық салықтардан босатылған 14 Арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істейді.

Astana Hub қатысушыларын қолдау офисінің бас менеджері Ажар Мұратова өз компаниясының қызметі – Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT-стартаптар технопаркі туралы хабардар етті. Оның қатысушылары 1500-ден астам IT-компаниялар болып табылады (оның 400-ден астамы шетелдік қатысумен). Astana Hub жұмысының артықшылықтарының ішінде ол салық преференцияларын, сондай-ақ бизнестің релокациясын толық сүйемелдеуді, оның ішінде тұрғын үй іздеуді, көші-қон және көлік-логистикалық жәрдемдесуді және т.б. атады.

Қонақтар аталған қолайлы жағдайларға қызығушылық танытып, қазақстандық тарапқа сұрақтар қойды.

IТ-кәсіпкер Алексей Тращеев атап өткендей, Қазақстанда инновациялық бизнесті жүргізу үшін үздік әлемдік тәжірибелер біріктірілген.

«ЕС-лизинг софт» ЖШҚ бас директоры Виталий Чугунов Қазақстанды заманауи технологияларды қолданудың басым бағыты деп атады. Мұндай таңдауды сипаттайтын критерийлерінің ішінде ол технологиялық және демографиялық дамудың жоғары деңгейін, сондай-ақ бизнесті жүргізуге кедергілердің жоқтығын атады.

Кездесуді қорытындылай келе, оның қатысушылары санкциялық қысымның қазіргі жағдайында Қазақстан әлемнің басқа елдерімен өзара іс-қимыл жасау кезінде ресейлік бизнес үшін мүмкіндіктер терезесі болып табылатынын атап өтті.