ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Жеңіс мұражайында болды

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Жеңіс мұражайында болды

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Мәскеудегі Поклонная тауындағы Жеңіс мұражайына барды.

Көрмені аралау және мұражай директоры Александр Школьникпен әңгімелесу барысында Елші Ұлы Отан соғысы туралы естеліктерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Д.Абаев атап өткендей, сол қасіретті оқиғалардың куәгерлері жылдан-жылға азайып бара жатқан қазіргі уақытта өскелең ұрпақты ортақ тарихты қастерлеу, ата-бабамыз өткен сынақтарды түсіну рухында тәрбиелеу басты міндет болып табылады.

Сондай-ақ, бірлескен жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға қатысты мәселелер талқыланды.

Анықтама үшін:

Жеңіс мұражайы – Ұлы Отан соғысы және екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбындағы Ресейдің басты әскери-тарихи мұражайы, әлемдегі ең ірі әскери-тарихи мұражайлардың бірі, бүкілресейлік ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту орталығы. Көрменің жалпы ауданы 14 000 шаршы метрден асады. Мұражай қорына 385 000-нан астам құнды заттар кіреді. Ашық алаңда Еуропадағы ең ірі әскери техникалардың жиынтығы (400-ден астам экспонат) орналасқан.

Даңқ залында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері үшін осы құрметті атаққа ие болған Кеңес Одағының 68 халқының өкілдерінің 11 800-ден астам Кеңес Одағы Батырларының есімдері 72 ақ мәрмәр пилонға жазылған. Олардың арасында біздің отандастарымыз: Талғат Бигелдинов, Қарсыбай Спатаев, Төлеген Тоқтаров және басқалары бар.