
Мәскеудің "Иллюзион" кинотеатрында "Шетел киносы күндері" аясында қазақстандық фильмдердің көрсетілімі басталды. Бұл "Роскино" жобасы Ресей Мәдениет министрлігінің қолдауымен ресейлік көрермендерді ТМД, Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінің заманауи кинематографиясымен таныстырады.
Бағдарламаға қазақстандық киногерлердің соңғы онжылдықтағы ең жарқын туындыларының бірі, халықаралық кинофестивальдерде жүлделі орындарға ие болған бес фильм кірді.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев осындай мәдени іс-шаралардың арқасында Ресейде Қазақстан туралы, бүгінгі қазақ қоғамын не толғандыратынын, қазақстандықтар не ойлайтынын көбірек білетініне сенім білдірді. Оның айтуынша, бұл екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығын дамытуға үлкен үлес қосады.
Өз кезегінде, "Роскино" бас директорының міндетін атқарушы Екатерина Наумова Ресейде заманауи қазақ киносын көрсету тамаша мүмкіндік екенін атап өтті. "Соңғы жылдары қазақстандық кинематография өте қарқынды дамып келеді. Қазақстандық авторлардың фильмдері көптеген халықаралық сыйлықтарды алады. Ал ресейлік көрермендер олардың шығармашылығымен танысуға ынталы болады", – деді.
Көрсетілімдер режиссер Ермек Тұрсыновтың "Шал" драмасымен ашылды. Фильм Эрнест Хемингуэйдің "Қарт пен теңіз" романы негізінде түсірілген. Картинада шалғай далада қарапайым өмір сүретін шағын отбасы туралы айтылады. Мәскеуге келген басты рөлді орындаушы Ерболат Тоғызақов мұндай кинофестивальге қатысқанына өте қуанышты екенін мойындады. "Осындай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса жақсы болар еді", – деді ол.
Оның әріптесі, актриса Алтынай Нөгербек киноның тілі баршаға түсінікті екенін еске салды. "Біздің фильмдер арқылы еліміз Қазақстанға ғашық боласыз деп сенемін", – деді ол кинотеатр залына лық толған көрерменге.
Алдағы уақытта көрермендер Мәскеудегі "Иллюзион" кинотеатрында режиссер Ақан Сатаевтың "Анаға апарар жол" (кейіпкерге тағдырдың соққысын жеңуге көмектескен ана махаббатының құдіреті туралы), "Жаужүрек мың бала" (қазақ-жоңғар соғысы кезіндегі аңыз туралы) фильмдерін, Ерлан Нұрмұхамбетовтің "Жаңғақ ағашы" комедиясын және Болат Қалымбетовтің "Мұқағали" (ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өмірінің соңғы жылдары туралы) драмасын тамашалай алады.
Фильмнің кестесін сілтемесінен таба аласыздар.