
2022 жылғы 22 қыркүйекте Астрахан қаласында Қазақстан Республикасының Маңғыстау облыстық мәслихаты мен Астрахан облысының Думасы арасында аймақтық ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды
Аталған құжат екі елдің өңірлік парламенттері арасындағы ынтымақтастықты дамытуды, бірлескен іс-шаралар өткізуді, құқықтық база құруды, форумдарға қатысуды көздейді.
Астрахан облыстық Парламентінің Спикері Игорь Мартынов Маңғыстау мен Астрахан облыстарын бұрыннан игі көршілік берік қатынастар байланыстыратынын атап өтті. Ал ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту үшін маңызды оқиға болды.
Өз кезегінде Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Нұри Тумышев ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою іргелес екі облыс арасындағы экономикалық және әлеуметтік салалардағы қатынастарды нығайтуға жаңа мүмкіндік беретін тарихи оқиға деп атады.
Қазақстан Республикасы - Астрахан облысының негізгі шетелдік серіктестерінің бірі. Қазіргі уақытта Астрахан облысының Үкіметі мен Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында шекара маңындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімдер жұмыс істейді.
Меморандумға қол қою өзара ынтымақтастық, достық, экономикалық және мәдени қарым-қатынастарды дамыту ода әрі жалғасып, жаңа серпінмен дамып келе жатқанын көрсетеді. Ендігі кезекте осындай аймақаралық ынтымақтастық пен қарым-қатынастар тек атқарушы билік органдары желісі бойынша ғана емес, сонымен қатар заң шығарушы органдар бағыты бойынша да жаңа белестерге көтеріледі.
Арнайы сапармен Меморандумға қол қою үшін Астрахан облысына Маңғыстау облыстық мәслихатының 9 адамнан тұратын делегациясы келді. Делегация сапар шеңберінде Астрахан қаласындағы "Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің ескерткішіне" гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, аймақта орналасқан "Сеид-Баба және Бөкей хан" мемориалдық кешенінде, Құрманғазы кесенісінде болып, бабалар рухына тағзым етті.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация Астрахан облысының Володар ауданындағы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталықтың жұмыстарымен танысып, жергілікті қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесті.