
Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ресей астанасында оқып жатқан қазақстандық студенттермен және аспиранттармен кездесті.
Кездесу барысында А.Аймағамбетов ел басшылығы мамандарды шетелде оқытуға үлкен көңіл бөліп отырғанын айтты. Атап айтқанда, ол Мемлекет басшысының инженерлік кадрларды даярлау және ресейлік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы бастамасын еске салды. Оның пікірінше, бұл Қазақстан-Ресей сауда-экономикалық ынтымақтастығының кеңеюін және бірлескен кәсіпорындар санының өсуін ескере отырып өте орынды бастама.
Министр сапалы білім алудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның одан әрі дамуындағы жас ұрпақтың маңызды рөлін растады. Жастарды өз отанында оқытып, кейін жұмысқа орналастыру үшін мемлекет тарапынан алдағы уақытта да қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдай жасалатынына сендірді.
Сонымен қатар, жиын барысында білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесу соңында А.Аймағамбетов студенттердің көптеген сұрақтарына жауап берді.