
Ү.ж. 28 сәуірінде Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің «Қазақстан су жолдары» мекемесінің тапсырысымен Астрахань облысындағы «Лотос» кеме жасау зауытының аумағында жасалған өзен түбін тереңдету кемесінің салтанатты түрде суға түсірілу рәсімі өтті.
Аталған іс-шараға Астрахан облысының Губернаторы И.Бабушкин, ҚР Астрахан қаласындағы Бас консулы Т.Үмбетбаев, РФ Көлік министрлігі Теңіз және өзен көлігі Федералдық агенттігінің Басшысы А.Лаврищев, Астрахан облысының Халықаралық байланыстар агенттігі Төрағасының орынбасары А.Айдин және т.б. ресми тұлғалар қатысты.
Өңір басшысы Игорь Бабушкин «Лотос» кеме жасау зауытының ұжымын құттықтау сөзінде Қазақстан тарапының тапсырысын сапалы және мерзімінен бұрын орындауына өз ризашылығын білдіріп, келешекте де осындай тапсырыстардың жалғасатынына үміт артатынын айтты.
ҚР дипломаты Тауболды Умбетбаев кеме жасаушылардың кәсіптеріне табыс тілеп, осындай жаңа технологиялық жабдықтардың табиғатты сақтауға өз үлесін қосатындығына және Қазақстан мен Ресей арасындағы кеме құрылысы саласындағы ынтымақтастықтың өсетініне сенімін білдірді.
Жуырда Қазақстан Республикасына арналған тағы да бір осындай жобаның жүзеге асырылуы жоспарлануда.