
Ү.ж. 16 сәуірінде Астрахан қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығының қатысуымен Қазақстан, Ресей және Әзербайжан мемлекеттері арасында «Каспий аймағының қоғамдық жобаларының перспективалық картасы – 2025» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Астрахань облысы губернаторының Әкімшілігінің жетекшісі П.Паутов, АГТУ университетінің ректоры А.Н.Невалённый, Ресей СІМ Астрахан қаласындағы өкілі М.Джеваков, Астрахан облысының Халықаралық байланыстар агенттігінің төрағасы В.Головков, Евразия халықтары ассамблеясының Бас хатшысының Бірінші орынбасары С.Смиркова, Қазақстанның Азаматтық Альянсінің Президенті Б.Нұрғазиева (онлайн режимде) және Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар Каспийдегі бастамалар мен гуманитарлық жобалардың дамуындағы үкіметтік емес ұйымдардың атқаратын рөлі, мәдени – гуманитарлық ынтымақтастықтың ерекшеліктерін және аймақтағы ұйымдардың жұмысын ұйымдастыру тәжірибелерін талқылады.
Өз сөзінде ҚР Бас консулы Тауболды Үмбетбаев іс-шараны ұйымдастырушы «Каспий - Евразия» Халықаралық зерттеу орталығын 5-жылдық мерейтойымен құттықтап, осындай басқосулардың Каспий аймағындағы барлық мемлекеттердің экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығына тигізер ықпалы зор екендігін атап өтті. Қазіргі таңда көптеген өзекті мәселелерді нақты зерттеп, билік органдарына тиісті ұсыныстар енгізу және тәжірибе алмасудың өзектілігін атады.
Сонымен қатар, ҚР дипломаты Каспий аймағының жаңа жобалар мен бірлескен жұмыстардың қайнар көзі екендігін және бүгінгі дөңгелек үстел – тараптардың ынтымақтастығына жаңа серпін беретін перспективалық карта бойынша жұмыстың бастамасы болып табылатындығына өз сенімін білдірді.