2024 жылғы 17-18 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Ноғаевтың Балқан облысына жұмыс сапары өтті, бұл Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың жаңа кезеңі болды. Сапар барысында Қазақстан Елшісі Балқан облысының Хякимі Ходжамырат Ашырмырадовпен және Түрікменбашы қаласының Хякимі Амангелді Исаевпен кездесулер өткізді.
Талқылаудың басты тақырыптары энергетика, көлік инфрақұрылымы, мұнай-газ саласы және сауда-экономикалық ынтымақтастық болды. Энергия ресурстарының транзиті және екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға ықпал ететін көлік дәліздерін дамыту саласындағы жобаларға ерекше назар аударылды. Тараптар сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді.
Екі ел халықтарының арасындағы байланысты нығайтатын бірлескен мәдени іс-шаралар, көрмелер мен фестивальдар өткізу жөніндегі жоспарлар қаралды. Сапар бағдарламасында маңызды өнеркәсіптік нысандарды - Түрікменбашы халықаралық теңіз портын және Түрікменбашы мұнай өңдеу зауыттары кешенін аралау қамтылды.
Сондай-ақ делегация Гарабогаз карбамид зауытында болып, шикізатты жеткізу перспективалары мен технологиялық алмасу мүмкіндіктерін талқылады. Келіссөздер Қазақстан мен Түрікменстанның стратегиялық серіктестігін нығайтудың кезекті айғағы болды. Бұл қадамдар өңірдің дамуына және тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал ете отырып, экономикалық, мәдени және әлеуметтік салалардағы белсенді ынтымақтастыққа негіз болады.