
Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні 2007 жылдан бері тойланып келеді. Конституциялық заңмен бекітілген мемлекеттік рәміздер еліміздің айрықша белгілері болып табылады. Қазақстанның мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Олардың қатарында Ту, Елтаңба және Әнұран бар.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде "Қазақстан" деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ "Қазақстан" деген жазу – алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны
Тәуелсіз Қазақстан тарихында елдің мемлекеттік әнұраны екі рет бекітілді: 1992 және 2006 жылдары. Елдің дыбыстық рәміздерін дәріптеу мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізі халық арасында танымал "Менің Қазақстаным" патриоттық әні болды. Оны 1956 жылы Шәмші Қалдаяқов Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдеріне жазған.
Қасиетті Тәуелсіздігіміздің рәміздеріне тұрақты құрмет көрсету әрбір қазақстандықтың парызы.