
БҰҰ Қазақстанға тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғайтын заң қабылдағаны үшін ризашылығын білдіреді. "Бұл гендерлік зорлық – зомбылықты жою жолындағы алға жасалған қадам",-деп есептейді БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори.
15 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі Заңға қол қойды.
Заңға сәйкес, қазір ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл, орташа және ауыр зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер зорлық - зомбылық пен қатыгездік кәмелетке толмағандарға бағытталған болса, онда тараптардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталады.
Заңның қабылдануына дейін кең ауқымды қоғамдық науқан болды, оның ішінде бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктің жұбайының өлтірілуіне реакциясы болды.
Микаэла Фриберг-Сторидің айтуынша, жаңа заң " гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін жою жолындағы маңызды қадамды білдіреді. Бұл заңнамалық шешім Қазақстанның адам құқықтарын сақтауға, әсіресе әйелдерді, балаларды және халықтың осал топтарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға бейілділігін көрсетеді".
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізе отырып, Қазақстан мұндай мінез-құлықтың қолайсыз екенін, ал кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылатынын анық көрсетеді, деп атап өтті БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі.
"Бұл маңызды қадам гендерлік теңдікке ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар тұрмыстық зорлық – зомбылықтан аман қалған адамдардың өмірін қалпына келтіру үшін сот төрелігі мен қолдау қызметтеріне қол жеткізуін қамтамасыз етеді", - деді ол.
БҰҰ Қазақстандағы өз өкілінің аузымен бұл елді тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабардарлықты арттыруды, құқық қорғау және сот органдарының қызметкерлерін оқытуды, сондай-ақ зорлық-зомбылықтан аман қалған адамдарды қолдау тетіктерін құруды қоса алғанда, осы заңды тиімді енгізу және қолдану жөніндегі күш-жігерді жалғастыруға шақырады. "Мұндай кешенді тәсіл барлық адамдар өз үйлерінде қорқынышсыз және зорлық – зомбылықсыз өмір сүре алатын қоғам құру үшін қажет",-деп атап өтті Фриберг-Стори.
Оның айтуынша, БҰҰ Қазақстанды гендерлік зорлық-зомбылықты жою және өзінің барлық азаматтары үшін құрмет, теңдік және қадір-қасиет мәдениетін ілгерілету жөніндегі күш-жігерінде қолдауға дайын.