Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөз жүргізді

2024 жылғы 14 ақпан                                                          Қатар, Доха қаласы

 

Қатар Мемлекетінің Әмірі Қазақстан Президентін «Diwan Amiri» сарайында қарсы алды.

Келіссөз алдында Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Бұдан кейін Қазақстан Президенті мен Қатар Мемлекетінің Әмірі келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Қатар Әмірінің шақыруын зор ризашылықпен қабыл алғанын жеткізді. Президент осы елге алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп отырғанын, сондықтан оның мән-маңызы ерекше екенін атап өтті.

Өз кезегінде Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстан Президенті сапарының мән-маңызына тоқталды.

Мемлекет басшысы қазір қазақ-қатар қарым-қатынастары кейінгі 30 жылда ең жақсы кезеңді бастан өткеріп отырғанын атап өтіп, Әмірдің Астанаға жасаған мемлекеттік сапарын еске салды. Президенттің айтуынша, елдеріміз арасында тығыз саяси диалог, кеңейіп келе жатқан экономикалық серіктестік және табысты мәдени-гуманитарлық байланыстар қалыптасқан. Екі ел арасында соңғы үш жылда қол қойылған келісімдер әртүрлі саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға берік негіз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарды жақын болашақта Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жетк. Президент Қазақстанның Қатар нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар жақын арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру туралы айтылды.

Келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қатарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интермодальды көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды. Бұл аймақтағы экономикалық белсенділікті ынталандыруға ықпал етеді. 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырған еліміз қазір бидай мен ұн өндіру бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға негіз бар екеніне назар аударды.

Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы 2025 жылы екі ел астаналарында Қазақстан мен Қатардың мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды. Бұл шаралар мәдени мұрасы бай халықтарымызды жақындата түсетініне сенім білдірді.

Бұдан бөлек, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арасындағы келіссөз қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

 

  1. Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы келісім;
  2. Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім;
  3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім;
  4. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум;
  5. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Отбасы және әлеуметтік даму министрлігі арасындағы Әлеуметтік қорғау және даму саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  6. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Спорт және жастар министрлігі арасындағы жастар саласындағы 2024-2026 жылдарға арналған бірінші атқарушы бағдарлама;
  7. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қатар мемлекетінің Әкімшілік бақылау және ашықтық басқармасы арасындағы Парасаттылық пен айқындылықты ілгерілету бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  8. «Самұрық-Қазына» АҚ, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Power International Holding арасындағы энергетика және газ саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімдер;
  9. QazaqGaz» ҰК» АҚ мен UCC Holding арасындағы Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімдер.

Сонымен қатар Президенттің мемлекеттік сапары аясында тағы бірқатар құжатқа қол қойылды.

 

https://www.akorda.kz/kz/prezident-kasym-zhomart-tokaev-katar-memleketinin-amiri-sheyh-tamim-ben-hamad-al-tanimen-kelissoz-zhurgizdi-1411032