Серік Жұманғарин Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізу мәселесі бойынша жұмыс тобының мүшелерімен және өңір басшыларымен кеңес өткізді

Серік Жұманғарин Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізу мәселесі бойынша жұмыс тобының мүшелерімен және өңір басшыларымен кеңес өткізді

2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 5-ші сағаттық белдеу (UTC +5) қолданылады. Медицина, физиология, география, метрология салаларының мамандары былтыр жыл бойы Қазақстан аумағында қолайлы уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеп, осындай шешімге келген. 

Жұмыс тобының мүшелері UTC +5 бірыңғай уақыт белдеуі Қазақстанның көптеген өңірінің барынша табиғи уақытқа жақын уақытты пайдаланатын ең дұрыс және оңтайлы нұсқа деген келісімге келді. 

Десе де еліміздің жекелеген өңірлерінде, атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары арасында бұл шешім көптеген сұрақ мен түсінбеушілік тудырды. 23-24 қаңтарда жұмыс тобының мүшелері кезекті рет ШҚО-ға барып, Меновное ауылының, сондай-ақ Алтай, Глубокое және Шемонаиха аудандарының тұрғындарымен кездесті. Үкіметте өткен кеңесте Серік Жұманғаринге ШҚО-дағы сапар қорытындысы және алдағы уақытта жаңа уақыт белдеуіне көшетін басқа өңірлердегі ахуал жөнінде баяндалды.   

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер Денсаулық сақтау министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, қысқа мерзімде ШҚО және басқа өңірлер үшін Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің барлық нюансы туралы ақпарат қамтылған әдістемелік құрал әзірлеуді, сондай-ақ қажет болған жағдайда, ең өзекті мәселелерді түсіндіру үшін өңірге мамандар мен мемлекеттік органдар басшыларының тобын жіберуді тапсырды.

 

https://primeminister.kz/news/serik-zhumangarin-kazakstanda-biryngay-uakyt-beldeuin-engizu-maselesi-boyynsha-zhumys-tobynyn-mushelerimen-zhane-onir-basshylarymen-kenes-otkizdi-27074