
2023 жылғы 24 қараша Әзербайжан, Баку қаласы
Мемлекет басшысы, ең алдымен, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтып, Орталық Азия елдері басшылары мен жиынға қатысушы құрметті қонақтарға ілтипат білдірді.
Президенттің айтуынша, Қазақстан СПЕКА-ны дамытуға, сондай-ақ Орталық Азия мен Кавказ өңірінің ынтымақтастығын нығайтуға Әзербайжан Республикасының қосқан үлесін жоғары бағалайды. СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының бүгінгі тарихи әрі тұңғыш саммиті атқарылған ауқымды жұмыстың түйіні болмақ.
Мемлекет басшысы елдің барлық азаматы әлеуметтік, технологиялық және экономикалық прогрестің пайдасын тең дәрежеде көре алатын инклюзивті келешекті қамтамасыз ету мақсатында бұл бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті. Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы бастамасы осы мақсаттың үдесінен шығады.
Қасым-Жомарт Тоқаев СПЕКА аясында елдеріміздің өнеркәсіп кооперациясы саласындағы әлеуеті жоғары деп санайды. Бұл ретте энергетика, көлік-логистика, ауыл және су шаруашылығы салаларына арналған техника мен құрал-жабдықтардың инновациялық үлгілерін әзірлеу және оларды өндіру үшін машина жасау компанияларының тәжірибесі мен күш-жігерін біріктірудің келешегі зор. Президенттің пікірінше, өндіріс саласында тең негізде ауқымды жобаларды жүзеге асыру аймақ мемлекеттерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайта түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аймақ бүгінде халықаралық көлік-транзит бағыттарын дамыту және әртараптандыру ісінде өте маңызды рөл атқарады. Шын мәнінде, СПЕКА елдері Еуропа мен Азия арасындағы құрлықаралық көпірге айналды.
Сонымен қатар экология саласындағы ынтымақтастықтың мәні зор. Қазақстан Президенті экология және климат проблематикасы, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын басқару жөніндегі бірлескен ғылыми-зерттеу және қолданбалы зерттеу жұмыстарын бастау маңызды деп есептейді. Оның айтуынша, Арал қасіреті – соның айқын дәлелі. Оның ауыр салдарын Орталық Азия елдері ғана емес, одан тысқары жерлер де сезініп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын мәлімдеді. Осы ретте Президент СПЕКА мемлекеттерінің басшыларын баламалы энергия көздеріне көшу мәселесінде бірлескен іс-әрекетті жандандыруға және Алматыда Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру бастамасын қолдауға шақырды.
Қазақстан Президентінің пікірінше, Астана СПЕКА-ны институционалдандыру процесін қолдайды. Бұл аймақ елдері арасындағы көпжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тиімді ілгерілету үшін аталған бағдарламаның орасан зор әлеуетін толық пайдалануды көздейді.
Президент сөзін қорытындылай келе, бүгінгі Саммит Арнайы бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін нақты механизмдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне, сондай-ақ елдеріміз арасындағы достық және стратегиялық серіктестікті нығайта түсетініне сенім білдірді.
Саммит барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Грузия Премьер-министрі Ираклий Гарибашвили, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамурад Гельдымурадов, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, Азия және Тынық мұхиты өңірлеріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Атқарушы хатшысы (ЭСКАТО) Армида Салсия Алиcджабана, сондай-ақ Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Джасем Әл-Будайви сөз сөйледі.