Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

 

Бішкек қаласына жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсеткені және ТМД-ға төрағалық ету барысында Қырғызстанның табысты жұмыс атқарғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.

Мемлекет басшысы ТМД жанындағы Серіктес және Бақылаушы мәртебесінің бекітілуін бүгінгі отырыстың айтулы оқиғасы ретінде атап өтіп, бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және оны дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын көрсететініне назар аударды.

Қазақстан Президенті геосаяси қайшылықтардың шиеленісе түскенін атап өтіп, әлем экономикасында тұрақсыздық күшейгенін айтты.

Бұдан бөлек, Президент Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалға қатысты пікір білдірді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық қатынастарда әділдік қағидатын орнатуды, халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшесінің заңды және егемендік құқығын ескере отырып, оны демократияландыруды жақтайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазіргі тоқырау жағдайында әмбебап ұйымның өкілдік аясы анағұрлым кең органы саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін күшейтуге мүмкіндік бар әрі қажет деп есептейді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев туындайтын сын-қатерлерді еңсеруге, табысты ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа салаларды іздеуге бағытталған ТМД форматындағы белсенді ықпалдастықты жалғастыруға шақырды.

Мемлекет басшысының пікірінше, сауда кедергілерін жоюға, қолайлы тарифтік жағдай жасауға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге баса мән беру қажет.

Сонымен қатар Президент Достастық кеңістігіндегі көлік дәліздерін дамыту маңызды екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы елдеріміздің транзиттік әлеуетін нығайту үшін қазіргі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртып, әкімшілік рәсімдерді қысқарту және интеграцияланған логистикалық, соның ішінде цифрлық шешімдерді енгізу шараларының маңызды екеніне арнайы тоқталды.  

Президент ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл құжат Еуразия кеңістігіндегі Достастық елдерінің мүдделерін ескеретін жаңа транзиттік-логистикалық кодқа айналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін келесі басымдық ретінде атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, климаттың жаһандық деңгейде өзгеруі елдеріміздің орнықты дамуына айтарлықтай қауіп төндіреді.

Сонымен қатар Президент еліміздің аталған саладағы маңызды жобалары туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысы күш-жігер жұмылдырмай, Еуразия кеңістігіндегі экологиялық катаклизмдердің салдарын еңсеру мүмкін емес екенін атап өтті. Сондай-ақ ТМД аясында осы бағыттағы конструктивті қарым-қатынасты нығайту аса маңызды деп санайды.

Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселесіне айрықша мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше елдер арасындағы көпжақты ықпалдастықта орыс тілі ерекше рөл атқаратынына тоқталды.

Президент Достастық елдерінің волонтерлер бірлестіктерінің күш-жігерін жұмылдыру маңызды екеніне назар аударды.

Президент Достастық елдері еріктілерінің жыл сайынғы форумын өткізуді және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беруді ұсынды.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында 2024 жылы Ресей Федерациясының ТМД-ға төрағалық етуі және кезекті саммитті келесі жылы күзде Мәскеуде өткізу туралы шешімді қолдады. Сондай-ақ Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті ТМД-ның Құрмет белгісімен марапаттау туралы Қырғызстанның бастамасын құптады.

Сонымен қатар жиында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.

https://www.akorda.kz/kz/kazakstan-prezidenti-tmd-ga-mushe-memleketter-basshylary-kenesinin-otyrysyna-katysty-1394829