
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Абай ауданындағы өрт салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты 12 маусым Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Соңғы мәліметтер бойынша, өртпен тең емес күресте 15 адам қаза тапты.
13 маусымда Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Елшілігінде көңіл айту кітабы ашылды. Түркіменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Вепа Хаджиев қаза болғандардың отбасыларына және бауырлас Қазақстан халқына түрікмен тарапынан көңіл айту сөзін жолдап, қолдау білдірді.
Ашғабатта тіркелген дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері табиғи апат құрбандарының туыстары мен жақындарына, сондай-ақ Қазақстан халқына көңіл айтып, қолдау білдірді.
8 маусымда «Семей орманы» резерватындағы Батпаев орман шаруашылығының аумағында ағаштар өртенді. Ауа райының қолайсыздығынан өрт жақын маңдағы аудандарға тез тарала берді. Өрт аумағы 60 мың гектарды құрады.