Қазақстанның Елшісі Түрікменстанның Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасарларымен кездесті

Қазақстанның Елшісі Түрікменстанның Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасарларымен кездесті

2020 жылғы 29 ақпанда Ашғабатта Қазақстанның Елшісі Е.Сәпиевтің Түрікменстанның Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасарлары Б.Абдыева мен П.Ағамырадовпен жұмыс кездесулері өтті.

Мәдениет және БАҚ мәселелеріне жауапты Б.Абдыевамен кездесу барысында ағымдағы жылы екіжақты мәдени іс-шараларды өткізу, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мәдени ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын кеңейту, сондай-ақ мәдениет саласындағы ықтимал бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Қазақстандағы Түрікменстанның мәдениет күндерін, қазақстандық және түрікмендік кино күндерін өткізу, Абай Құнанбайұлының кітабін түрікмен тілінде шығару, сондай-ақ, бауырлас халықтардың түркі мәдениеті туралы бірлескен деректі немесе көркем фильмдерді түсіру бойынша пікірлер алмасты.

Денсаулық сақтау, білім, ғылым және спорт мәселелеріне жауапты П.Ағамырадовпен кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы білім және ғылым саласында ынтымақтастықтың, соның ішінде тәжірибе, оқытушылар мен студенттермен алмасу, екі елдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары арасында келісімдерді жасасу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, тараптар денсаулық сақтау және спорт салалардағы екіжақты қарым-қатынастарын нығайту мүмкіндіктерін талқылады.

Сұхбаттасушылар Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеуге орай 2020 жылға жоспарланған мерейтойлық мемлекеттік іс-шаралар туралы хабардар етілді. Жоғары лауазымды тұлғалар және бірқатар түрікмен ғалымдары әл-Фараби мен Абай мұрасының тақырыбы бойынша ғылыми-практикалық конференциялар мен симпозиумдарға қатысуға шақырылды.