Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей Федерациясының парламентаралық форумына қатысты

Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей Федерациясының парламентаралық форумына қатысты

2022 жылғы 12 мамырда Ашғабат қ. Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясының Парламентаралық форумы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Талант Мамытов, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко, Тәжікстан Республикасы Маджлиси Милли Маджлиси Оли Төрағасы Рустами Эмомали, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Сенат Төрайымы Танзила Нарбаева қатысты.

Іс-шара барысында парламенттік дипломатия бейбітшіліктің, ынтымақтастық пен өзара түсіністіктің құралына айналуы тиіс екендігі сөз болды. Милли Генгеш Халық Маслахатының Төрағасы Г.Бердымухамедов жастардың парламентаралық өзара іс-қимыл тетіктерін құруды және тиімді пайдалануды ұсынды.

Форум қатысушылары Арал теңізінің проблемаларын, індетпен және оның зардаптарымен күресте халықаралық күш-жігерге жәрдемдесу, ғылыми және медициналық дипломатияны ілгерілету мәселелерін талқылады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаев өз сөзінде Қазақстан Республикасының аймақ елдері мен Ресей Федерациясы арасындағы парламенттер арқылы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті. Бүгінгі күні біздің мемлекеттеріміздің саяси жүйелерінде заң шығарушы органның рөлі артып отырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстанда конституциялық реформа жүргізілуде, оған сәйкес елдегі парламент пен биліктің жергілікті өкілді органдарының рөлі айтарлықтай күшейтілді.

Форумның күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі соңғы жылдары жаңартылған жаңа бағыт – медициналық дипломатияны дамыту болды. Бұрын-соңды болмаған COVID-19 пандемиясы адамдардың денсаулығы мен мемлекеттердің экономикасына орасан зор зиян келтірді. М.Әшімбаев атап өткендей, денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимыл және тәжірибе алмасу алдағы кезеңде медициналық дипломатияның маңызды бағыттарының біріне айналуы мүмкін. Қазақстан бұл ынтымақтастыққа әрқашан дайын екені атап өтілді.

Келесі жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының іргелі құжаттарының бірі – алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл толады. Бұл туралы сөз еткен ҚР Парламенті жоғарғы палатасының спикері 2023 жылы парламентарийлердің қатысуымен медициналық дипломатияға арналған «дөңгелек үстел» туралы айтты.

Түстен кейін Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясының Парламентаралық форумы өз жұмысын «Мемлекеттік басқарудың заң шығарушы органы: заманауи тәжірибе және ынтымақтастық», «Медициналық дипломатия: тәжірибе алмасу – алға басудың сенімді жолы», «Экологиялық әл-ауқат пен тұрақты даму жолындағы өңірлік ынтымақтастық» тақырыптары бойынша пленарлық отырыстар форматында жалғастырды. Оларға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары О.Перепечина, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Ж.Нұрманбетова,  ҚР Парламенті Сенатының депутаттары С.Трумов, А.Күрішбаев, Н.Нұрсипатов, Л.Сүлеймен, С.Алдашев қатысты.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаев Түрікменстан Милли Генгеш Халық Маслахатының Төрағасы Г.Бердымухамедовпен және Түрікменстан Президенті С.Бердымухамедовпен кездесті.

Түрікменстан Президентімен кездесу барысында тараптар екіжақты, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін Экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-түрікмен үкіметаралық комиссиясының рөлі ерекше атап өтілді.

Бейбітшілікті, ынтымақтастықты және тұрақты дамуды нығайтудың іргелі факторы ретінде ғылым мен білім, мәдениет және спорт салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, жалпы гуманитарлық саладағы диалогты кеңейтуге өзара қызығушылық айтылды.

Түрікменстан Милли Генгеш Халық Маслахатының Төрағасы Г.Бердымухамедовпен кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың келешегі, Арал проблемалары, шекаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.