
Ашғабат, 2022 жылғы 25 сәуір – Қазақстан Елшісі Асқар Тәжібаев Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовке сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды.
Кездесу барысында дипломаттар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық, транзиттік-көліктік, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзекті мәселелерді талқылады. Биылғы жылы Нұр-Сұлтан мен Ашғабатта ең жоғары және жоғары деңгейде өтетін
іс-шаралар кестесі жан-жақты талқыланды.
Тараптар екі бауырлас ел арасындағы дәстүрлі тату көршілік қарым-қатынастарды қанағаттанушылықпен атап өтті.
«Биыл біз сенім мен өзара қолдаудың жоғары деңгейімен сипатталатын дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанның 30-жылдығын атап өтеміз. Біздің елдеріміз халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер шеңберінде екіжақты және көпжақты форматта белсенді ықпалдасуда. Қазақстан мен Түрікменстанның Каспий теңізі мәселелері бойынша тиімді ынтымақтастығына ерекше назар аударуға тұрарлық», - деді Р.Мередов.
Әңгіменің жалғасында БҰҰ, ТМД, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), сондай-ақ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы (IOFS) сияқты халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасу орын алды.