Түрікменстанның өнер қайраткерлері Қазақстан Республикасының алғыс хаттарымен марапатталды

Түрікменстанның өнер қайраткерлері Қазақстан Республикасының алғыс хаттарымен марапатталды

Ашхабад, 2021 жылғы 8 маусым – Бүгін Махтумкули атындағы Ұлттық музыкалық-драма театрының сахнасында Түрікменстанның мемлекеттік өнер қайраткерлерін 2020 жылы өткен қазақтың ұлы жазушысы, ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойын атап өтуіне қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапаттаудың салтанатты рәсімі өтті. Абайдың 175-жылдығына орай Түрікменстанның Мемлекеттік симфониялық оркестрі көркемдік жетекшісі Расул Клычевтың басшылығымен Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан туындыларды орындады. Оркестрдің сүйемелдеуімен әйгілі түрікмен теноры Нуры Нурыев «Абай» операсынан «Айттым Сәлем, Қаламқас» атты Айдардың ариясын, ал опера әншісі, сопрано Лейли Окдирова «Қарлығаш» әнін орындады.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Түрікменстан Мәдениет министрінің орынбасары Нурсахет Ширимов, Түрікменстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, Түрікмен ұлттық консерваториясы мен музыкалық колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаның атынан Түрікменстанның Мемлекеттік симфониялық оркестрінің бас дирижері Расул Клычевқа алғыс хат табысталды. Сондай-ақ, ҚР Мәдениет министрі Ақтота Райымқұлованың атынан алғыс хаттар Р.Клычевке, сондай-ақ Түрікменстанның танымал әншілері Н.Нурыев пен Л.Окдироваға табысталды.

Өзінің құттықтау сөзінде Елші Е.Сәпиев ұлы Абай шығармашылығының қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетіне әсері туралы айтты.

Өткен жылы Қазақстанның бастамасымен көрнекті қазақ ақынының мерейтойы әлемдік деңгейде – ЮНЕСКО халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде және бірқатар шет елдерде атап өтілді.

«Бауырлас Түрікменстанның бұл күнді атап өтуге белсенді қатысқанына өте қуаныштымыз», - деді Е.Сәпиев.

Салтанатты рәсімнен кейін оркестр көрермендерді «Абай» операсынан туындылармен, сондай-ақ түрікмен композиторларының бірнеше танымал шығармаларымен тағы да қуантты.